Жойылып кеткен ауылдар олар туралы бүгінгі ұрпақ не біледі

Қарт Каспий жағалауындағы халық Гогольск, Қарақамыс, «Айсан ауылы» атап кеткен бұрынғы Есбол, қазіргі Индер ауданындағы шаруашылықтардың 40 жылдай жайлап, бір бөлек ұрпақ тұрып, өсіп шыққан құтты мекендер жайлы біледі-ау деген жандардан біраз сұрастырдық.

Әрине, бұл мекен менің жеке өмір тарихымда ұмытылмас қайғы дағын салып кетсе де, қалың халық жайлаған аймақ туралы бүгінгі көп жастар  білмеуі де мүмкін. Осы материал жарияланған соң бәлкім бұл аумақ жайлы терең де білетіндер табылып жатса ірә жақсы болар еді.

 Өйткені, арғысын айтпағанда биыл 90 жылдығын атап өтіп отырған өлке тарихында бұл жерлердің де ізі мен ісі қалғанын дұрыс деп көреміз. Оның үстіне бұл аймақты индерліктердің игере бастағанына бүгінде 60 жыл толып отыр.

Негізі бұл маңды алғаш игергендердің бірі қоғам және мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашев ағамыз болды десек жаңылыспайтын сияқтымыз. Оны С.Құбашевтың 1960 жылдардың аяғына таман шыққан «Ленин орденді  «Передовик» колхозы» атты кітаптағы мына жолдардан көруге болады: «Колхоздың («Передовик») жем-шөп қорын жасауда Каспий жағалауындағы соны алқапты игерудің маңызы зор болды.

Бұл шын мәнінде жаңа бастама еді. Колхоз орталығынан 200 километр жердегі бұл участокті игерудің көптеген қиыншылықтары болғаны рас.  Ну қамыстың ортасынан малшыға жайлы үй, малға жылы қора-жай салынды. 1958 жылдан бастап, колхоз бұл арада 25 мың га. жерді, соның ішінде 8 мың га. шалғындықты игерді.

Гурьев мұнай өңдеу зауытының пайдаланған суы ағатын каналдардың бойына насосты стансалар орнатылып, жыл сайын 1000-1500 га. жер көлдетіп суарылып тұрды. Мұндағы жайылымдарда әртүрлі сораң шөп өседі. Оны мал күзде салқын түсе жейді.

 Қыста ол қойға аса бағалы азық болып есептеледі. Аздап мұздақ түсіп, ащы шөп жұмсарған кезде оған сүйсіне жайылады және мұның қатқылдағыдай мұның малға тигізетін зияны жоқ. Теңіз жағалауындағы қамыс, жыңғыл қойға қыста ықтасын, пана.

 Теңіз жағалауын суландыру жөнінде көп жұмыс жасалды. Айсан, Камынин суару каналдарының бойында сыйымдылығы 4-20 м.т, 7 су қоймасы жасалды. Теңіз тасыған кезде су келмейтін қырлау участокқа шопандар селосы салынды.

Онда 30-дан астам тұрғын үй бар. Механизаторлар мен малшылар, мамандар тұрады. 40 орындық асхана, 50 төсектік жатақхана,монша, дүкен, кітапхана, кинозал, медициналық және дәрігерлік пунктер, гараж бен қоймалар салынған, село электрленген.

Шопан үйлерінде электр шамы бар. Қамысты ұнтақтап,булап, ашытқылап беретін жемшөп цехы, 1200 сиыр сиятын жаңа типті қора салынды. Орталықтан 7-8 км. жерде 2-3-тен шопан бригадаларының қыстақтары орналасқан, үйлердің төбелері шиферланған. Теңіз жағалауында жыл сайын 26 мыңдай қой, оның ішінде ерте төлдейтін 20 мың қаракүл саулықтары, 1600 сиыр малы және ат-көлік қыстатылады.

Каспий суының жыл сайын тартыла түсуіне байланысты қамыс та бірте-бірте Теңіз жағалауына ығысып барады. Қамыстың өртеген немесе өткен жылы шабылған жеріне жас құрақ бітік өсіп, әр гектарынан 40-50 ц. пішен орылады. Теңіз суындағы биік қамыс шабылмайды.

 «Передовик» колхозы 1963 жылдан бастап ондай участоктардың шөбін сүрлем комбайнмен жинап жүрді. Шабылып, туралған қамыс бірден қыстаққа тасылады да құрғатылып, маяланады. Канал суын шабындық алқабына қамыстың өсуіне пайдалы.1962 жылы мұнда қамысы қурай бастаған 1100 г. участок суарылды.

Айсан мен Камынин су қоймаларында 16 дюмдік насостар орнатылып, су айдалды. Қамыс жақсы өсті, орта есеппен әр гектардан 24 ц-ден өнім жиналды. Колхозда шалғынды суару 15 наурыздан бастап қолға алынды су келген жерге қамыс қана емес, ақ мамық, әртүрлі ащы шөптер өседі (89-90 бет).

Теңіз жағалауындағы қысқы жайылымда көбінесе ащылы-сораңды шөптер, теңіз жусаны, ақмамық, қамыс және басқа да өсімдіктер өседі, қары өте жұқа болады (59 бет),-деп барлық жайы тәптіштей баяндалады. Сондай-ақ мұнда Шотан Бергенов сияқты озат шопанның іс-тәжірибесі де берілген.

Расында да теңіз жағалауындағы өскен түрлі шөптердің бүгінгі шаруашылықтарға да пайдасы зор болуы әбден мүмкін. Оны бізден гөрі сала мамандары жақсырақ білсе керек. Оның үстіне осы маңдар бүгінде ауданнан алынып, жеке қорықтарға айналғанын да естіп жүрміз.

Біздің білетініміз, осы Гогольскіден аудандағы Аманкелді атындағы кеңшардың малы жайлап, сол жақтан арнайы бригада сан жылдар бойына жаздан қар түскенше пішен дайындады.

Сонау 90-ыншы жылдардың басында шабындыққа келісе алмай жатқан Жамбыл мен Аманкелді атындағы пішен бригадаларының арасындағы дауға сол кездегі  («Индер» газетінің тілшісі едік) аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асылбек Әубекеров, «Правда» кеңшарының директоры Дүйсенқали Төленовпен бірге тап болғанымыз әлі ұмытылмапты.

Кеңшардың көптеген малшыларының еркек тоқты мен етке тапсырылатын қарт қойлары жайылып, семіртіліп жүрді. Ал малшылардың ол жаққа Жайықтың екі жағалауымен мал айдағандағы кездескен қиындықтары ел арасында  аңыз болып әлі айтылып жүр.

1990 жылдары Теңіз суы оқыстан көтеріліп, су шайып кеткен «Айсан» ауылының тұрғындары, жалпы «Передовик» кеңшарына қарасты 17 отар мал жедел Жайық бойына көшірілгені туралы кейін кеңшар партия ұйымының хатшысы Самат Бисалиев ағамыз өз естелігінде жазды.

-Басшы ретінде Р.Құспановтың іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті, әсіресе 80-інші жылдардың аяғындағы теңіз суының тасқыны кезінде айқын көрінді. Бұл кезде Теңіз жағасында орналасқан малшы үйлері мен қораларды түгел дерлік су басқан болатын. Сондықтан бұл орындардың бәрін бір жылда негізгі аймаққа көшіру міндеті алға қойылды.

Соған байланысты 1990 жылдың жаз айларында қыруар жұмыстар атқарылды. Жаңадан 17 тұрғын үй мен 19 мал қорасы салынып, пайдалануға берілді. Теңіз өресінде қыстап жүрген малшылардың барлығы бір жылда көшіріліп алынды,-деп нақтылай көрсеткен болатын хатшы.

Ал аталған кітапта бұл ауылдың «Айсан» аталуы былайша баяндалады: Колхоз басқармасы өзінің күнделікті жұмысында актив, колхозшылар бұқарасына сүйеніп, олардың ұсыныстары мен пікірлерін, сын-ескертпелерін мұқият ескере отырады, коллектив мүшелерін тәрбиелеуге зор көңіл бөледі.

Осы кітаптың авторы колхоздың бұрынғы председателі болған кезде мынадай жайдың куәсі болды. 1954 жылдың көктемі. Тарамыстау, ұзын бойлы қара жігіт күн сайын колхоз басқармасы кеңсесінің төңірегінен кетпей қойды. Оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. «Бұл кім өзі?» деп сұрағандарға: «Ой, Айсан ғой,еңбек десе сырғып жүретін жігіт, есі де түгел емес-ау» десті кейбіреулер.

Бұл жағдай колхоз басшыларының назарын аудармай қоймады. Науқандық жұмыстарға адам жетпей жатқанда діңдей жігіт қалайша қол қусырып бос жүрмек? Онымен әдейі сөйлесіп, бұл жүрісінің мән-жайын білуге тура келді.

Әңгіме барысында оның ақыл-есінде кемшілік байқалмады, мәселені түсінуі, қорытынды жасауы дұрыс. Осыған дейін жігітпен шүйіркелесіп, сырласқан жан болмапты, қайта құрбылары оны шетке шығарумен келіпті.

Әлгі жігітке дұрыс кеңес беріліп, еңбекке белсене араласуына көмек жасалды. Әр кездескен сайын оның жай-күйіне, жұмыс жағдайына колхоз басшылары да, мамандар да көз қырын сала жүрді. Адамға деген ықыластың, қамқорлық жасаудың нәтижесі де ұзамай-ақ көрінді.

1958 жылдың жазы. Каспий өңірінің қуаңшылық жағдайында жайылым шөбінің шығымы нашар. Мал болса жыл сайын көбейіп келеді, шабындық шамалы. Не істеу керек?  Әрі ойлап, бері ойлап, колхоз басқармасының мүшелері, мамандары өзара ақылдасып, теңіз жағалауындағы бос жатқан алқапты игерсек қайтеді деген тоқтамға келді.

 Бұған дейін осы ауданның (қазіргі Индер ауданы) бірде -бір шаруашылығы «Теңіз жағалауының құрағы қалың болғанмен, маса-сонасы күнелттірмейді» деген сөзді естігені болмаса, бұл өңірді қоныстана қоймаған екен. Әуелі бірқатар адам барып, жер жағдайымен танысты.

 Колхозшылар жиналысын шақырып, жұрт пікірін тыңдауға тура келді. Жиналыс үстінде әркім әртүрлі ой салды.

-Өмірде теңізді көрген емеспіз, ит арқасы қиянға барып күнелте аламыз ба?

-Маса, сонасы көп дейді ғой.

-Теңіздің қу қамысы малға азық болушы ма еді?

Топ ішінен бір адам «маған сөз беріңіз!,-деп қол көтерді. Байқасақ, баяғы тарамыс жігіт қара жігіт.

-Жолдастар, қобалжитын түгі жоқ.Шаруашылықты өркендету мүддесі осыны талап отыр екен, барамыз. Жазыңыз мені.

Оны бір сөз жиналғандарды бір серпілтіп тастады. Тұс-тұстан оны қолдаған пікір айтылып жатты. Сөйтіп, сол жылы тың жатқан Камынин участогын игеру ісі басталды. Оны игерушілердің алдыңғы сапында жаңағы жігітіміз Айсан Несіпқалиев та жүрді.

Ол шөл даланың қиындықтарына қарамастан, нағыз ерлік еңбектің үлгісін көрсетті. Теңіз алқабындағы үлкен каналдың және шопандар селосының Айсанның атымен аталуы да тегін емес. Бұл қарапайым адамның қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға іспеттес. Енді «Айсан каналын», «Айсан селосын» білмейтіндер бұл өңірде кемде-кем,-деп сыр тербеді кейін Сағидолла Құбашев ағамыз ( 89-90 бет).

Бұл деректерге байланысты Өрлік округтік ардагерлер алқасының төрағасы Болат Дәулетов ағамызға хабарласқан болатынбыз. Ол төмендегіше жайларды алға тартты:-Теңіз өресінде кезінде 25 мыңға дейін мал бағылып, қыстатылды. Онда көбіне-көп Ғайнолла Нұғыманов басқаратын алдыңғы қатарлы ферма малшылары болды. Жасыратыны жоқ, қысы жылы, малға қолайлы дегенімен масасы, оқтын-оқтын көтерілетін суы бар, шаруашылықтың азаматтарына көптеген қиындықтарды жеңуіне тура келді.

Жастау кезімде механизатор болып жүргенде өзім де сонда тікелей жұмыс істедім. Жалпы «Передовик» колхозының туына Ленин орденінің тағылуында осы теңіз өресін жайлаған малшылар мен «Айсан ауылы» тұрғындарының қосқан үлесі қомақты.

Атақты орденді шопандар Б.Арыстанов, Б.Қажыкенов, Л.Мырзахметов, Н.Төлеуғалиева, Т.Қуанов, Ш.Бергенов, О.Есов, Х.Бисенғалиев, тағы да басқа еңбек озаттарының есімдерін Өрлік ауылы тұрғындары ғана емес, аудан мақтан тұтады емес пе?!

Ал Айсан Несіпқалиев туралы айтсам, оның қарындасы Бәтішті жақсы білемін. Әкесі Несіпқали соғыс ардагері болды. Анасы Нәзира марқұм елге сыйлы, шаруашылықтың әр саласында білек сыбана еңбек еткен, қайраткер адам еді. Сол Теңіз өресіне барған адамның Нәзира шешеміздің қолынан дәм татпағаны некен-саяқ болар. Жарықтық өте бір жақсы адам еді.

Бар өмірін еңбекке арнаған Айсан да олардан еш кем болмады.Екі ұлы Талғат, Жәңгір, қызы Роза бар, дәрігер Атырауда тұрады, өз маманының шеберлері,-деді ардагер Айсан ұрпағының бүгінгі жайы туралы.

Ал Көктоғай округіне қарасты Қарақамыс учаскесінде де «Путь Ильича» кеңшарының малы жайлап, 1990 жылдарға дейін онда бір бөлек тұрғындар ғұмыр кешті. Оны журналистік іссапармен барғанда өзіміз де көріп, ақ дастархандарынан дәм татып, Тасқара Ләтифовтің үйленуі сәтіне куә болғанымызды да әлі ұмыта қойған жоқпыз.

Бұрын картада болған бұл ауылдардың тарихы көптеген индерліктердің, әсіресе Өрлік Көктоғай ауылы тұрғындарының жадында мәңгіге жазылып қалғаны анық. Ол да бүгінгі тарихымыздың бір парағы екенін естен шығармалық, ағайын.

С.ХАЛЫҚОВ.

Өрлік-Көктоғай

ауылдары

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика