Аудан әкімдігінің қаулысына орай «Индер ауданы аумағында 2018 жылғы көктемгі су тасқынына дайындық, қауіпсіз өткізу және ықтимал шығындарды азайту бойынша іс-шаралар жоспары» бекітілген. Аталған жоспарды уақтылы әрі сапалы орындау мақсатында, аудан халқын және аумағын 2018 жылғы көктемгі су тасқыны және қар мен жауын-шашын суының басуына ұшырау қаупі бар елді мекендерді анықтау үшін біраз жұмыс қолға алынған.
Алайда аудан бойынша барлығы 7 елді мекенде 1993 жылдары соғылған ұзындығы 18950 м қорғаныс бөгеттері болғанмен барлығы да жөндеу жұмыстарын қажет етеді екен. Яғни алда-жалда өр суы қауіп төндіре қалса, бөгеттен көмек болады деу қиын. Негізінен аса қауіпті су басуға Жарсуат және Құрылыс елді мекендері кірседі. Бөгеттердің басым көпшілігі, яғни 10 500 метрі осы аумақта орналасқан.
Аудан бойынша 11 жиналу-көшіру пунктері құрылып, барлық пунктер керекті жабдықтармен жасақталған. Сонымен қатар 34 палатка 7 киіз үй бар.
Индер ауданында Жарсуат (Махамбет атындағы орта мектебінде), Құрлыс (мәдениет үйінде) ауылдарында және Индербор кентінде («Индер» желілік-техникалық учаскесінің ауласында) барлығы 3 дана төтенше жағдай кезінде халықты құлақтандыру құрылғылары орнатылған, дайындық режиміне келтірілген.
Су тасқынынан қорғау жұмыстарына «Аудандық жедел авариялық құтқару тобын құру туралы» шешімімен аудан бойынша 50 адаммен 10 дана техникадан тұратын топ құрылған. Аудандық Суда құтқару стансасында 4 қызметкер, құтқару жұмыстарына арналған 2 дана маторлы қайық,ал инспекцияда 1 дана маторлы қайық бар. Соныменқатар, су тасқыны кезеңінде жұмылдырылатын күш-құралдар тізімі нақтыланды. Атап айтқанда, Индербор кенті және ауылдық округ әкімдіктерінде, аудан көлеміндегі мекеме, кәсіпорындарда 23 мотопомпа, 2 960 дана инертті материалдар салатын қаптар, жағармай қоры 3,2 тонна, 74 арнайы техника сақадай сай көрінеді.
Сондай-ақ табиғи техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында оқу жаттығу өтіп, оқу-жаттығу аясында су тасқыны кезеңінде Индербор кенті аумағында уақытша бөгеттер тұрғызу, қауіпті учаскелерді қалыпқа келтіру, халықты көшіру сынды практикалық іс-қимыл жасалған.
Негізінен БҰЛ аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралып, тиісті округ әкімдеріне, мекеме, бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, күн тәртібіне қойылған.
Жалпы өткен жылы 3,84 метр дейгейінде су келіп, судың жалпы көтерілу деңгейі 6,09 м құрапты. Дегенмен сақтық шаралары қашанда қырағылықты қажет етеді.
Ж.ИСЛАМҒАЛИЕВ