Қол еңбегінен қол үзу ұлттық құндылықтан айырады

Әлемнің көз ілестірмес жылдамдықпен дамып бара жатқаны, ол үшін заман талабына сай қарекет ету қажеттігі сөзсіз, әрине. Алайда басқаны айтпағанның өзінде ауылдағы ағайынның да қол еңбектен қол үзіп бара жатқаны байқалады. Оның ақыры өзгенің өніміне көз сатуға, сапасыз тауарды тұтынуға алып келмей ме деген ой қылаң береді. Онсызда бүгін азық-түлік қауіпсіздігі әлемді алаңдатып отыр. Ал, әлеуметтік желілерде таралып жатқан әртүрлі тағамдардың қолдан жасалуы сынды оқиғаларды көргенде ішер асыңа да күдікпен қарауға тура келеді екен. Ендеше, осы тақырып төңірегінде ой қозғап көрейік.

 

Сөреде - ресейлік сүт

Расында да соңғы кездері қарапайым ауылдың өзінде де өз өнімімізді былай қойып, өзгенікін, әсіресе, Ресейден келетін сүт басымдыққа ие болып тұр. Мысалы, ауылда 17 жылдан бері дүкен ашып, кәсіпкерлікпен айналысатын елтайлық Шолпан Сабированың бұл салада тәжірибесі жеткілікті. Оның айтуынша, тауарды Атыраудан тасымалдайды және кейбір фермалардың өздері әкелетін көрінеді. Бұған дейін олар Алматыдан шығатын «Зорькин луч» сынды сүттерді сатқан. Кейін Ресейдің Самара облысы, Кошкинскиий ауданынан келетін «Риния корова» және «Кошкинское» сүттерін сатуға көшкен. Соңғы кездері саудаға осы сүт түрлері келеді екен. Кәсіпкер айына 50 жәшік сүт сатса, ауылда 10-ға тарта дүкен бар. Ал бұған той-садақалардағы орталықтан келетін сүтті және қосыңыз. Бұдан басқа ауылдарда да Саратов облысынан келетін «Добрая буренка» сынды сүт түрлері бар. Сонда біз ауылда отырып Ресейдің сүтін ішеміз. Ал біздің өніміміз қайда?

 Еріншектік те дендеп тұр

Шын мәнінде бүгінде шарбаққа екі-үш баспағымен сиыр ұстап, құнарлы сүт ішіп отырудың өзі жырға айналып бара жатыр. Зейнеткер-ұстаз Н.Уәлиева: – Жем-шөбі, суы, тағы басқа шығындарын есептегенде екі-үш сиыр ұстағаннан соғымды сатып алған ыңғайлы. Сүтті де солай. Өкінішке орай, сүттің құнарына қарап жатқанымыз жоқ. Оны біз қайдан білеміз? Екіншіден, келіндер қазір сүт пісіруге, нан илеуге ерінеді. Біз мұғалім болып жүргеннің өзінде от жақтық, мал да қарадық, бәріне үлгердік. Ал қазір барлық жағдай болғанмен қолмен жұмыс жасауға адамның құлқы болмай бара жатыр, – дейді. Дегенмен, бұрынғы кездердегідей сүт әкеліп сатса жергілікті өнімді алатындықтарын айтады.

Жалпы соңғы кездері қай ауылға барсаң да қораптағы сүтті көбірек пайдаланатынын байқайсың. Өйткені мал ұстаудың басқа да қиыншылығы көбейіп кеткені айтылып жүр. Мысалы, Жарсуатта өткен жиналыста Қ.Әжігереева:

– Сиырымыз келмей қалса, «әншейін» өлсе тәуір болар еді дейтін халге жеттік. Өйткені, ұзын жолда көлік қағып кетсе, мал иесі жауапты. Ал одан болған шығын арнайы сараптамалар арқылы миллионға есептеліп келеді. Айналып келгенде жалғыз сиыр да сарыуайым, – деп еді...

 «Біздерге қолдау қажет»

Жалпы төрт түлік мал ұстап, өнімін пайдаланып отырған шаруа қожалықтары да бар. Бірақ олар қаншалықты сұранысты қанағаттандыра алады. Айталық, ауданда алғашқы болып құрылған «Бірлік» шаруа қожалығы біраз қиындықтарды еңсеріп, шаруасын жүйелі жүргізіп келеді. Шаруашылық көктем шыға малы төлдегенде орталыққа сүт және сүт өнімдерін әкеліп саудалайды. Дегенмен базарға тауарын әкеліп өткізетін қожалық мүшесі біраз қиындықтардың барын алға тартады.

–Бұрындары тендер арқылы жергілікті балабақша, ауруханаларға тапсыратынбыз. Кейін қораптағы сүтке тапсырыс көбейді де  бізге мүмкіндік болмады. Негізі қолдың сүтін жақсы алады. Әсіресе, қыстыгүні. Көктем шыға 15-20 сиырға дейін сауамыз. Сол мезгілде өткізу қиынға соғады. Оның үстіне мал бағудың машақаты көп. Базарда байланып тұруды көтермейді. Сондықтан бізге мекемелерге тапсыру қолайлы. Тауарымыз таза. Арнайы рұқсатымыз бар. Біздерге қолдау қажет,–  дейді Нұржамал Ақжігітова. Осындай бірнеше қожалық болғандықтан кейде кезекпен келетін көрінеді. Олардың да айтары осы.

 Тамақ өніміне талғам керек

Жалпы жыл сайын тамақ өнімдерінің қауіпсіздік проблемасы артып отыр. Бұл әлем елдерінің де «бас ауруына» айналған. Айталық, еліміздің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше, еліміздегі талапқа сай келмейтін тамақ өнімдерінің   88 %-ын  импорттық тауарлар құрайды. Осының ішінде көршілес Ресей елінен келетін сүт өнімдері бірінші орында тұрған көрінеді. Ал оның жайы бізде қалай болып жатыр?

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Шолпан Ержанованың бізге берген мәліметі бойынша, өткен жылы техникалық регламентке орай 37 бактереологиялық, 11 химиялық көрсеткіш бойынша сынама алынып, талапқа сай деген қорытынды жасапты. – Алайда,-дейді мемлекеттік санитариялық дәрігер. – Сауда дүкендері елеусіз топқа жатуына байланысты тексере алмаймыз. Сондықтан ондағы сүттердің сапасы туралы айту қиын. Жалпы сүт кальцийдің негізгі көзі болғандықтан балаларға өте қажет. Дегенмен, сүт өнімдерінде калцийдің биологиялық қолжетімділігі өте төмен. Сондықтан таза мал сүтін пайдалану қажет. Яғни, балабақша, ауруханаларға жергілікті сүт өнімдерін алуды, балалардың сүт ішу күнін ұйымдастырса жас ұрпақ үшін пайдасы көп-ақ.

 «Бізде бәрі талапқа сай»

Ауданымызда 15 жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан «Дана» көтерме сауда орталығы барлық ауылға тауар таратады екен. «Дана групп» компаниясының директоры Сағадат Қалиеваның айтуынша, мұндағы тауар сенімді.

–Бізде бәрі талапқа сай. Барлық сатылатын тауарларға рұқсатымыз және ЕАС белгісі бар. Ол қауіпсіздік белгісі. Және қазақстандық өнімдер. Сондықтан да бізде контрабандалық жолмен келетін тауарға мүлдем жол жоқ. Сүтке келетін болсақ, мысалы, бізде 1 литр қораптағы майлылығы 2,5 процент болатын «Милоконың» бағасы 217 теңге, 3,2 проценті – 233 теңге, 6 проценттігі – 275 теңге, «Буренкино» 2,5 проценті- 350 теңге, одан әрі майлылығына орай сәл қымбаттай береді, – дейді. Саудагер Шынар Оразаеваның айтуынша, айына аудан көлеміне 6000 литр сүт сатылады. Яғни, осыны 30 мың халыққа шаққанда күніне бір адамға 200 гр-нан келеді екен. Осыған көрші Ресейден, не болмаса кәсіпкерлердің өздері тікелей барып әкелетін сүт тағамдарын қосыңыз.

 Қауіп қайдан болуы мүмкін?

Көтерме сауда орталығы басшысының пікірінше, кейбір тауар өткізушілер мерзімі өтуі жақындаған т.с.с. өнімдерді арзан бағаға беріп кетуі мүмкін. Не түрлі акциялар өткізіп, тауарын өткізудің тәсілдерін қолданады. Міне, осы жерде шикілік кетуі мүмкін. Өйткені, жоғарыда Ш.Ержанова айтқандай, жеке кәсіпкерлерді тексеруге рұқсат жоқ. Сондықтан да олқылықтар осындайдан орын алуы әбден мүмкін. Екіншіден, біздің байқағанымыздай, тұтынушылар да көп жағдайда алған тауарының сапасына мән бермейтін көрінеді. Сауда жасау, тағамға талғаммен қарау мәдениеті әлі де болса қалыптаса қоймаса керек-ті.

 Сүт зауыты қажет-ақ

Жалпы тұрғындар сүтзауытын ашу қажеттігін, сол арқылы жергілікті сүт және сүт өнімдерін қабылдауды қолға алса деген ойларын айтып жүр.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Есетов: – Қазір мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге арнайы бағдарламалар арқылы жағдай жасалып, субсидия беріліп жатыр. Оны әр кез айтып келеміз. Бізде қымыз, шұбат өндіретін шаруашылық бар. Енді шағын сүт зауытын ашу жөнінде кәсіпкерлерге ұсыныс беріліп отыр. Бұйырса, ойластырылуда. Енді ауыл жаппай қол еңбектен қол үзіп бара жатыр деу қиын. Әлі екі-үш сиыр, оншақты жандығын бағып отырғандар жетерлік, – дейді. Алайда заман талабына сай мал ұстаудың да ережесі бар екендігін, дәстүрлі қойкезектен қол үзбей, сиырды бақташыға бақтыру қауіпсіз екенін айтады. Осыны ескеру жағы кемшін түсіп келеді.

 Қолда бардың қадірін ұғар кез келді

Осыдан біраз бұрын ауданымызға келген Монғолияның Баян-Өлгей жерінде туып-өскен ақын Айжан Табаракқызы қарындасымыз: – Ол жақта бәрі ұлттық киім-мен жүреді. Төрт түлік малдың түгел өнімін кәдеге жаратады. Шетелдің өніміне көз сатпайды. Өздерінікін бәрінен жоғары қояды, – деген еді.

Ол жақта ұлттық рух мықты қалыптасқанын сонда ұққанбыз. Ал біз шарбақтағы сауын сиырды саумақ түгілі қай жағынан барарын білмейтін халге қарай кетіп барамыз. Ұршық иіру, жүн түту, бес ине тоқудың, ұлдарымыз шарбағына азын- аулақ мал ұстап, отбасын сапалы тағаммен асыраудың бәрін ұялы телефон алмастырғандай. Қиындықты жеңудің орнына, біреуге оны жеңіп бер дегендейміз. Бірақ уақыт төреші қазақтың денінің мықтылығы өз шаруашылығында, өзінің ұлттық құндылығында екендігін енді-енді ұқтырып келе жатқандай. Тек қолымызды мезгілінен кеш сермеп жүрмесек болғаны. 

Өйткені, дәстүрлі еңбекте қаншама ұлттық құндылықтарымыз жатыр.

 

Ж.АМАНТУРЛИН.

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT