Құм жұтқан ауыл

Шіркін-ай, балалық пен жастық шағымыздың ізі қалған Елтай ауылдық округіне қарасты Қостан ауылы бүгінде жер бетінде жоқ, оны әлдеқашан сары құм басып, жойылып кетті дегенге әлі көңіл сенер емес.

Жағрафия тілімен айтсақ, Елтайдан шыққан жолмен жүрген көлік Бағырлайдан өтіп, қырықтық, Бозтөбе, Жырақұдық, Тоқтамыс арқылы Қостанға тірелетін. Әрине, одан асып жол немесе көктем мен жазда, күзде мал айдаған жұрт Смайыл,Төсқұдық, Қалыбай, Желкілдек, Сорқабақ, Әзіағаш, Беркалі қызыл (менің атам), Басшыққан, Шағыр-шегір, Қоңырқұдық, Жарғанат, Бесоба, Тышқанқұдықпен өріске шығады. Ал болмаса жолаушы біткен Жаңақалаға қарай асатын.

Айтпақшы жақында әлеуметтік желіде Марат Шуақбаев інімнің «Ауылдағы жер аттарының қысқаша тарихы» деген жазбасында: «Ауылдық жердегі жер аттары қызықты-ақ. Өзен жағасындағы елді мекендер аттары халық жадында сақталар-ау, мал қыстақтары мен жайлау аттары алдағы заманда ұмытылуы мүмкін.

 Өйткені, ол кездегідей жайлау мен қыстақтарда мыңғырап жатқан мал жоқ. Қазекем ат қоюға шебер ғой, сол жердегі құдық, шағыл, сор, төбе аттарының алдына бір атты жалғай салады.

Ащықұдық, Жанай шағыр (күйші Баламайсаңның туған жері XVIII - XIX ғ.ғ.), Тұщықұдық, Қызыл төбе, Бозтөбе, Көктөбе, Алатөбе, Төсқұдық, Сорқабақ, Жалғыз ағаш, Әшім қызыл, Әбіл қызыл, Әленсоры, Сәлмен төбе, Смайыл деген сол жерде қоныс тепкен кісілердің есімімен аталған.

Түсініксіз аттар да жоқ емес: Шағыр шегір, Жанаман, Жаманқара, Елші, Өтек, Желкілдек, Жаршоқы, Керала, Байбоз, Қостан,  Жыбырлақ, Қызылтұмсық болып кете береді.

 

 Осында автор «Қатын шағыл мен Бұзау қатын нүктелерінің тарихы бір - біріне сабақтас деп кім ойлаған? Ол туралы бертіндегі «шаш ал десе бас алған» көкелеріміз бен қатын партком кейіпіндегі ел басшылары ел жадынан өшіруге тырысқан. Сондықтан  бұл оқиғаның қай туғандардың басынан өткен қатал тағдыр екені ұмытылып қалған. 

 

Бір ауыл елді асырап отырған байды кәмпескелеп, өзін тап жауы ретінде итжеккенге айдағанда оның төрт әйелі жұртта қалған екен. Малдарын тартып алған, айдалада аштан өлуге төрт қатын отырған жер Қатын шағыл атанып кетіпті.

 

Оларды қоршаған күні  кешегі малшы - бақташылары бишараларға қол ұшын бермек түгілі, амандығын білуге қорқып жоламапты. Содан біраз уақыт өте, бәлшебектен қорықса да, құдайдан одан бетер қорыққан иманы бар біреу Көләгіндегі үкіметтен шешім  шығарып,  әлгі  байғұстарға Шағыр шегір маңында бұзау баққызған көрінеді. Ол жер «Бұзау қатын» аталыпты» деп тарихтан сыр тартыпты інім.

 

Осы оймен жалғаса байырғы шопан Табылды Жұмашев бүгінде осы бұрыннан келе жатқан жер атауларын сақтамай, жерді уақытша жалға алушылардың қалаған атауларын қоя салатын теріс үрдіс белең алып бара жатқанын айтып, сақтандырғаны бар-ды. Шынында да бұл ойланарлық жайт.

 

Ал Аманкелді атындағы кеңшардың дүрілдеген №2 фермасының орталығы болған Қостан ауылы мен еңбеккер-малшыларының суреттері бір кездері аудандық, облыстық газеттерден түспеуші еді.

 

-Бұл Қостан ауылын марқұм, кеңшар директоры Қазбек Отарәлиев кезінде жұртты жер астынан үстіне шығарамын деп серт беріп, ұмытпасам, 1965 жылы ақшаңқан 12 үй салынып, ферманың мамандары мен малшылары мекендеген болатын. Жер асты деп отырғаны сол маңдағы суы тұп-тұщы әрі мөп-мөлдір қос шеген құдық маңындағы тұрғындар, көпшілігі малшылар жерден қазып алған үйлерде тұратын-ды.

 

Одан соң үлкен мал қоралары салынды. Жарық тартылды, телефон байланысы жетті.

 

Ал алғашқылар қатарында Бұқар мен Титім Дүзбаев, Қобдаған Шілов, Бақыт Нұриев, Әпенде Раушанов, Зәкім Махметов, Шайдолла Иманқұлов, Ғилым Меңдігереев, Социалистік Еңбек Ерлері Дәулет Базарбаев, Маржан Енбаева, Жолдасбай Дәулетов, Ибрайым Дәуітов, Ислямғали Амантурлин, Наурыз Қауашев, Табылды Оразмұхамбетовтер, Орын Халенов, Жолдас Салихов, Досым Қамешовтің қарттары, тағы басқалары жаңа үйге көшіп, бірқатары басқа жақтарға ауысты,-деді осы кеңшардың байырғы аға шопаны Табылды Жұмашев ағамыз.

 

Ол кезде талап мамандар малшылар ортасында болуға тиісті еді. Мұнда дүкен, кітапхана, медпункт, сайлау орталығы да жұмыс істеді. «Ұмытпасам, жаңа дүкен 1967 жылы салынды. Менің әкем Әпенде жұмыс істеді»,-дейді Аққала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат пен оның інісі Орақ Раушановтар.

 

Әсіресе, соғыс және еңбек ардагері, дүкенші Шайдолла ағайдың жайбарақат  жұмыс жайын бас қосқанда аңызға теңеп айтады көпшілік. Ол кісі, әсіресе жаңадан тартылып жатқан «Саратовтрансгаз» кәсіпорнының алып құбырлар таситын «Урал» машиналарының басқа ұлттардан (көбісі Брянск қаласынан еді) тұратын сақалды жүргізушілерден бастап, барлық жолаушы мал-бақташылар жақсы білетін әрі қатты сыйласты.

 

 Әлгі сақалды сарғыш жұрт қартты Свад (Құда) деп құшақтап, бетінен сүйіп, мәз болып жататынын талай көргенбіз.

 

-Кейін солардың біреуі Брянскіден бережақ қарызын поштамен жіберіп, адресті «Елтай, уч. Костан, Свату» деп ақша салғанын көріп таң-тамаша болғанбыз,-дейді ауданның Құрметті азаматы Ғабдысамат Хамзаұлы.

 

Мұндай қызықты жайттар, айта берсе көп қой. Қазақ үйді ашып кетеді деуші еді, ал ағай болса дүкенді ашып тастап жүре беретін. Болмаса өзің барып ала ғой деп қолыңа дүкеннің кілтін де жеп-жеңіл беріп  жібере қоятын, жарықтық. Ренжу дейтінді білмейтін Шәкеңді тіпті жеті түнде біз ғана емес, басқалар да оятып, үйінен керегін алып алғысын жаудырып жүре беретін.

 

Мал маңырап, бота боздап, қозы жамырап, азаң-қазан болып жататын бұл Қостанда қос пәтерде 1974-1975 жылдары Елтайдағы қазіргі М.Сиранов атындағы орта мектепті бітірген біздің сыныптың оқушыларынан құрылған «Жас дәурен-74» комсомол жастар бригадасы да тұрған.

 

 Кейін мектепті бітіргенімізге 5 жыл толғанда 1979 жылы марқұм ұстаз шопанымыз Табылды Оразмұхамбетовтің шаңырағында болып, қызықты күндерді еске алғанбыз да. Бұл Қостан топырағын соңғы басуымыз екен.

 

Одан кейін сан ұрпақ өрбіген ауылды құм басып, көпшілік орталыққа ауа көшті. Әрине, олар да туған жердің түтіні мен жусаны, бал татитын тәтті де мөлдір суының дәмін, арысы ата-ана, әжелерінің қамқор үндерін бүгінде елжіреп сағынатын шығар...

 

-Негізі Қостанның басына жекенің малын айтпағанда кеңшардың 3 мың бас қой отарын топтастыру қателік болды. Малдың тұяғы жерді қоймайды ғой. Мұны біз содан көреміз,-дейді Ғабдысамат ағамыз.

 

Әрине, осы жекенің, қожалықтың малдарының ауыл-аймақтың маңына шамадан тыс көп топтастырылуы әр ауылда да тұрғындар жиындары кезінде бүгінде жиі көтеріліп жүр. Солардың арасында елтайлықтар да бар. Өйткені, олар іргедегі Бағырлайдың арғы емес, өрісті тарылтатын бергі жағасынан жер берілуін әсте қолдамайды.

 

 Мұнда олар үшін 2017  жылғы 20 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңы талаптарының 9,10,11,13-інші баптарында көрсетілген құзыреттер шегінде жұмыс істеу, талаптар қою, басқару мен пайдалану жөнінде жоспарлардың дайындалуы мен орындалуы жайлары өте өткір тұрған мәселе болып қалуда.

 

Әйтпесе, болашақта сары құм жұтқан Қостан сияқты ауылдар қатары көбейіп кетпесіне ешкім де кепілдік бере алмайды.

 

С.ХАЛЫҚОВ.

 

Елтай ауылы.

 

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика