Қырық жыл бір басқармада

Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның дәмі бөлек. Сол еңбектің қадір-қасиетін жете түсінетін жандар – қарапайым жұмысшылар. Мемлекет басшысы 2025 жылды бекерден-бекер «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған жоқ. Әлемге жарық сыйлаған электрик, темірден түйін түйген дәнекерлеуші, зауытқа жан бітірген токарь – бәрі-бәрі бағалауға тұрарлық еңбек иелері.

Иә, біз жұмысшы дегенде құрыш қолды ер-азаматтар ойымызға оралары хақ. Бірақ олармен иық тірестіріп, қызығынан қиындығы басым осы кәсіптің тұтқасын ұстап жүрген нәзік жаратылыс иелерінің де бар екені белгілі. Соның бірі – «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның Құлсары желілік-өндірістік басқармасының жұмысшысы Алтын Нарекова.

Алтын Бектілеуқызы - 1966 жылы сол кездегі Ембі (Жылыой) ауданында дүниеге келіп, 1985 жылы сонау Одесса қаласындағы мұнай және газ техникумын «Автоматтандырылған басқару жүйелері және КИПиА» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Оқуды ойдағыдай аяқтаған құлсарылық бойжеткен Құлсары желілік-өндірістік басқармасына мамандығы бойынша жұмысқа ораналасқан еді. Міне, сол уақыттан бері табан аудармастан осы мекемеде үздіксіз еңбек етіп келе жатыр. Ол бүгінде бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика саласының тәжірибелі маманы. Қарапайым тілмен айтқанда — КИПиА аспапшысы, яғни өндірістегі техникалық құралдардың жұмысын тексеріп, баптап, жөндеп, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, жоғары жауапкершілік жүгін арқалаған білімді де білікті маман. Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика саласының аспапшысы ретінде ол өзінің қызметтік міндеті жайлы былайша ой өрбітті:

-Аспапшы — өндірістік немесе техникалық құрал-жабдықтарды, яғни өлшеуіш, бақылау, реттеу аспаптарын орнататын, тексеретін және жөндейтін маман. КИПиА, электроаспапшы, өлшеу құралдарын жөндеуші ретінде өндірістік, технологиялық жабдықтарға аспаптарды орнатады. Құралдарды тексереді және калибрлейді – өлшеудің дәлдігін қамтамасыз етеді. Жөндеу және профилактикалық жұмыстарды жасайды, бұзылған аспапты қалпына келтіреді. Қауіпсіздік талаптарын сақтайды. Орындалған жұмыстар бойынша құжаттар толтырады. Жаңа жабдықпен жұмыс істеуді үйренеді, үнемі кәсіби тұрғыдан дамып отыруы тиіс.

Аспапшының жұмысы көзге көрінбегенімен, маңызы орасан. Ол — зауыт пен өндірістегі бақылау-өлшеу аспаптарын баптайтын, түрлі құрылғылардың жұмысын тексеріп, жөндеп отыратын негізгі қажетті маман. Бұл сала жоғары жауапкершілік пен техникалық білімді талап етеді. Аспапшының басты міндеті – құралдардың дәлдігін қамтамасыз ету. Өйткені кез келген өлшеу қателігі — бүкіл өндіріс процесінің бұзылуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан әрбір детальға мұқият қарап, алдын ала тексеріс жүргіземіз. Қазіргі заманда жұмыстың бәрі автоматтандырылған жүйелерге көшіп келе жатқанда, аспапшының рөлі артып келеді. Соған сәйкес, жабдықтар да үнемі жаңартылып тұрады. Бұл ретте техникалық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, апаттың алдын алу сияқты маңызды жұмыстар жүзеге асырылады. Бір сөзбен айтқанда, аспапшылық – озық технологиямен бірге дамып, өсіп, өркендеп отыратын жаңа дәуірдің мамандығы, - дейді ол.

Иә, ұзақ жылдар бойы бір компанияда табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан нәзік жанның бұл сөздерінен оның жай көзге көрінбейтін, бірақ өндіріс тұрақтылығы мен адам қауіпсіздігі үшін аса жауапты маман екенін ұғынамыз. «Әрбір кәсіптің өзінің мықты иелері болады. Аспапшы – соның бірі. Өз ісіне адал, тиянақты, білімді аспапшы – кез келген мекеменің алтын қазығы» деп қосты Алтын Нарекова.

Алтын Бектілеуқызының Құлсары желілік-өндірістік басқармасында жұмыс жасап келе жатқанына биыл 40 жыл толды. Бір салада, соның ішінде бір мекемеде табан аудармастан осыншама уақыт тынбай тер төккен нәзік жанның еңбегі басшылық тарапынан елеусіз қалған жоқ. Осыған дейінгі мақтауларын айтпағанда, 2023 жылы ұзақ жылғы адал еңбегі үшін және компанияның дамуына қосқан зор үлесі ескеріліп, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның 25 жылдығына орай қоғамның бас директоры Манас Тасыбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталды.

Бүгінде Алтын Нарекованың жас мамандарға айтар ақыл-кеңесі аз емес. Тәлімгер ретінде: «Үздіксіз ізденіп, ұстаздан үйрен, уақытыңды бағала. Білмегеніңді сұраудан қорықпа, адал еңбек ет. Ұжыммен тіл табыса біл, сыпайы бол, қиындықтан тайынба. Арманда, кітап оқы, өзіңе мақсат қой» дейді.

Өмірлік жары Сайдулла Ражанов та еңбектегі бақытын осы Құлсары желілік-өндірістік басқармасынан тапқан қарапайым жұмысшы. Ол да бақылау, өлшеу аспаптары және автоматика жөндеушісі болып ұзақ жылдар бойы еселі еңбек етіп, бүгінде зейнеткерлікке шыққан. Екеуі 1986 жылы шаңырақ көтеріп, бірі үйдің тірегіне, бірі қарлығаштай қос қыздың аяулы анасына айналды.

Қарапайым еңбек – ұлттың ұлы құндылығы. Ал сол міндетті абыроймен атқарып, бір салаға бүкіл саналы ғұмырын арнаған жұмысшы жандар – нағыз еңбек адамы. Бұл ретте ғибратты ғұмырының жарты ғасырға жуық уақытын өз мамандығына адалдық танытып, бір саланың сара соқпағымен жүріп, артына терең із қалдырған Алтын Бектілеуқызына қандай құрмет көрсетсек те жарасады.

Азамат МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT