Ауылға барған сайын маңдай тірейтін Серікбай жолдасымызбен ас-ауқаттың арасында кең ауласына шығып байырқап тұрғанбыз.
Жолдасымның жасыл-желегі жайқалған бағының сырт жағындағы көрші үйдің есік-терезесі қирап, иесіздікке ұшырап қалған жүдеу қалпы көзге шалына кеткені.
-Мына ерлі-зайыпты қариялар көшіп кетті ме, әлде басқалай жағдайы болды ма?-деген сұраулы көзбен жолдасыма қарағанымда ол:
-Ә, анадағы өзіңмен бірге болған қарттар ғой. Сондағы сөз болған жалғыз қыздары Сағыныш оқуын бітіріп, алысқа тұрмысқа шығып, ата-әжесін алып кетті. Артынша олар өмірден өтті деп естідік, имандары жолдас болсын. Содан бері мына үй бос тұр.
Біреудің қарашаңырағы орны болған соң ба, білетіндер ырымшылдыққа салынып, үй мен жерді ешкім алмай жүр. Округ әкімі ақыры ескі үйді күреп тастап ойын алаңы, болмаса бақ істемек дегенді естідім,-деп ойын одан әрі сабақтады жолдасым.
Екеуміз де еріксіз осы әр қазаққа өте ыстық қарашаңырақтың әр пендені жіпсіз байлайтын көзге көрінбес қасиетін сезім таразысынан өткізіп, шарасыздана үнсіз ойға берілдік.
Мен де талай жолдастарымның ата-аналарынан еншілерін алып, бөлек шыққандарымен де өздері туып-өсіп, кіндік кескен шаңыраққа әр уақыт оралған сайынғы бақытты шақтарын, бала-шағаның бастары қосылғандағы мәз-мейрам болып, ду-думанға айналатын орталарын көз алдыма келтіріп-ақ бақтым.
Тағы да әкесінен қалған кең аулаға мансардымен үй салған кәсіпкер інімнің бірде: -Мамам ескі үйді жаңғыртып, жөндеп, кеңейтейін десем, шалымның сүйегі шыққан босағаны бұздырмаймын. Ойға алғаның болса, мен өлемін, содан кейін не істесеңдер, соны істеңдер деп табандап отыр,-деп ренжігенін есіме алдым.
Шынында да тапалтақ қоңыр там сәулетті қос қабатты үйдің сұрқын әбден кетіріп-ақ тұр, қайтерсің.Қаржысы да, мүмкіндігі де жетіп тұрған жаңа қазақ болып үлгерген інімнің ішкі қыжылын әбден-ақ сезінемін, бірақ...ана серті, әке аманаты, қазақи терең сенімге кім қарсы тұра алмақшы. Сенім мен сезімнің итжығыс күйі әр көңілдің де қылын тербетеді.
Тағы бір басшылық орындардағы ауылдасымның да дәл осы ойды қайталап, анам өмірден өтерде «Бәрің өсіп-өнген шаңырақты бұзып, не өзгеге сатушы болмаңдар деп аманаттаған-ды»,-дегенін де әлі күнге сол үйдің жанынан өткен сайын есіме аламын.
Ал осындай иесіз тұрған түрлі тағдырлы үйлер әр ауылда, тіпті өзіміздің кентте де аз емес...Міне, біздің нағыз қазақи болмысымыз осындай.
Өткен жылдардың бірінде Жарсуатта әкім болған құрдасым Сәрсенбай Дәуітбаев қызылжарлық бір жалғызілікті анаға асарлатып үй салып, қуантқан. Сол туралы «Қаракемпір, қара орын, қарашелек» деген мақала жазғаным бар-ды.
Сонда өзі белі әбден бүгіліп, сұрау белгісі болған, қарашелекке қос қолымен тіремесе, өздігінен жүре де алмайтын кейуананың маған не дегенін білесіз бе?!
-Шырағым, ана төбеде қартым жатыр. Мен оның сүйегі шыққан осы шаңырақтың табалдырығында өлсем деп, өлмешінің күнін кешіп жүрген күйім осы. Ертең мен басқа жаққа көшіп кетсем, балаларым мені қартымның қасына қоя ма, қоймай ма?!-деп өзіме сауалын тосқанда амалсыз үнсіз келіскен сыңай танытып, жанарымыз жер сүзіп қала берген едік.
Мұндай күйінішке толы жалын атқан өксік сөзді сонау 40-ыншы жылдардың қыз-келіншектері Шәуен, Хадиша, Ғазиза, Азима, Әлима, Нәзира, Бәкиза, Рақыш сынды бір-бір баланы құшақтап, қарашаңырақты жарсыз ұстап жесір қалған қайран қаһарман елтайлық аналарымыздың аузынан да талай шыққан, естігенбіз.
-Жалғыз жарығымның табалдырығында өлсем де арманым жоқ,-деп ботасына еміренген інгендей кекілімізді жарық-жарық еріндерімен өбетін қайран аналар-ай, шіркін, бізден не рақат көрді солар...
Атақты Қадір ақын өз анасының құлпытасына «Байдан да, баладан да рақат көрмеген бір бейбақ жатыр мұнда!» деп, бекерден-бекер жазбаса керек-ті. Оның да, Әбіштің де, Есенжолдың үйіндегі Сәбила анамыз да сол боздақтардан қалған қарашаңырақтарды құлатпай сақтап, бүгінге жалғаған қырқыншы жылдардың қаһарман келіншектері ғой.
Қайран, сол аналардың ерліктерін кім бүгін еске алып жатыр десейші. Бірде Рахымжанның «Атырауда жесір қалып, ерлерін мәңгі күтіп өткен аналарға ескерткіш орнату керек» деп күркірегені бар-ды. Ол да өтті мына жалғаннан...
Шүкір, қарашаңырақты ұстап қалған ерке ұлдардың, бүгінде үбірлі-шүбірлі болып, ұрпақ өсіріп, ата-ананың аруағын ардақтап, әулеттің абыройын асырып отырғандар да аз емес арамызда.
Оларды әрдайым көргенді ұрпақ, текті әулет деп әр қазақ сыйлап, құрмет көрсетіп жатады. Текті ұрпақтан «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп, әр уақыт өнегелі іс-әрекет, салмақты сөз күтетіндері ып-рас.
"Бізге де жұғысты болсын" деп ырымдап, немере-шөберелеріне үлгі етіп, төрінде аунатып, болмаса түкіртіп, ескі-құсқысын көрсетпей «сұрап алатындар» да аз емес...Бәрі де жақсылыққа жору ғой, әрине.
Негізінде «Қазақстанның Ұлттық энциклопедиясында» мынадай тұжырым жасалады: «Қарашаңырақ – дәстүрлі қазақ қоғамында атадан балаға мирас болып қалатын әке үйі, үлкен шаңырақ. Бір атадан өрбіген ұрпақ үшін әке үйі – Қарашаңырақ болып есептеледі.
Ол ұрпақтары үшін әрдайым қадірлі, қасиетті орын. Қарашаңыраққа келіп ата-баба аруағына құран бағыштап отыру – ұрпағы үшін парыз. Қарашаңырақта жиын-той өткізіледі, тағы басқа әлеуметтік мәселелер шешіледі.
Егер отбасы мүшелерінің бірі үйленсе, онда жаңа құдалар қарашаңыраққа шақырылып, дәм татады, бұл отбасының өсіп-өнген ұрпақтарымен танысады, баталасады. Қарашаңыраққа әдетте әкенің кенже ұлы ие болады» делінген.
Бұдан артық не қосуға болады, құтты да, текті қара шаңырақтар көбейе берсін қазақ жерінде. Ол нағыз тәрбиенің қайнар көзі ғой, әлеумет. Сіз оны білесіз бе?! Қасиетіне бас иесіз бе?!
Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Елтай ауылы.