Жерлесінің жырын жырлап жетістікке жетті

15 қазан күні Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов атындағы «Сәйгүлік» республикалық байқауы өтті.

«Өлді деуге сия ма айтындаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деп дана Абай айтқандай, ерекше өнерімен ізі қалған ақын Табылдының шығармашылығын қалың жұртшылыққа кеңінен таныту мақсатындағы өтіп отырған бұл фестивальға әр облыстан 13 дүлдүл қатысты. Алматы, Қызылорда, Қостанай, Орал, тағы басқа ірі аймақтардағы күміс көмей әншілермен қоса, Атырау өңірінен, соның ішінде ақынның туған жері Индер ауданынан екі жерлесі бағын сынауға барған болатын.

- Мен байқауда ақынның «Биіктік» әнін шырқадым. Көптің көңілінен шыққан болуым керек, жүлделі І орынды иелендім. Жерлестерімнің намысын қолдан бермеу үшін жақсы дайындықпен бардым, орын алатыныма сенімді едім. Арманым алдамады, -дейді Алтынбек Бақтыгереев.

Сондай-ақ, құрдасы әрі досы, Табылды ақынның інісі Айдар Досымов өзін бәйгеге дайындаса, өнер мектебінің басшысы Серік Нысанов Ақтөбеге жолбасшы болып бірге барғанын тілге тиек етті.

Сол әріптестеріне және тақымын қысып тілекші болып отырған халқына үлкен алғысын жеткізді. Айта кетейік, байқаудың бас жүлдесін Маңғыстау өңірі иеленсе, І орын Индерге, ІІ орын Қызылордаға, қос ІІІ орын Ақтөбеліктерге бұйырыпты.

Ақмарал БОКИРОВА

Индер ауданы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521