Жарсуатым, жан қуатым, жайнай бер!

«Туған жерге деген сүйіспеншілік, Туған елге-Қазақстанға деген патриотизмнің нағыз өзегіне айналады» деген болатын Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында.

Осы асқақ сезімге Астананың-20, Индер ауданының 90 жылдығына арналған шаралар шеруінде айрықша орын беріліп келеді. Ол өткен сенбіде басталған «Туған жерге тағзым» атты Жарсуат ауылдық округінің Индербор кентіндегі мәдени күнінен айқын көрінді.

Күнінің шымылдығы «Алға» сауда павильонында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен басталды.  Жәрмеңкеде "Жарсуат" өндірістік кооперативі 12 мың теңгеден қозы, 500 теңгеден 300 келілік рулон сатса, "Сұлтан", "Алтықұлаш", "Ақтөбе", "Дәулет", "Асыл-агро" , "Аменгелді" шаруа қожалықтары белсене қатысып, ет, сүт, балық өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен ұсынды. 

Ән-айтылып, аспанда өнер әуені қалықтады.

Ал мәдени күннің одан басқа шаралары кешкісін «Жеңіс» саябағындағы көрме жалғастырды. Көрмедегі қолөнер бұйымдары мен құрылыстық ерлі–зайыпты Мәрия мен Азамат Ораховтардың қолынан шыққан ұлттық бұйымдарға көз тіккендер, тіпті сатып алуға ынта білдіргендер  аз болмады.

Жалпы «Дәмет» жеке кәсіпкерлігі аудандағы түрлі осындай шараларға жиі қатысып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн. Сондай-ақ Жарсуаттағы Махамбет атындағы орта мектеп оқушылары қолынан шыққан бұйымдар да ерекше көз тартты.

Сонымен бірге баққа жиналған қалың жұрт үлкен экраннан әлемдік футбол додасын тамашалап қоймай, Жарсуатта салынған жаңа нысандар мен тарихи орындарды көріп, таң-тамаша болды.

Балалар болса осы араға құрылған қос батутта (иелері Б.Сахипов пен Қуат Жанесеев) қас қарайғанша алаңсыз ойнап, қызыққа батты. Ал бақтағы түрлі тәттілер мен балмұздақ сатушылар да қосымша табысқа батқаны анық.

Осындай түрлі қызықтармен жалғасқан мәдени күнге қатысушыларды аудан әкімі Серік Арыстан құттықтап, ауданда басталып отырған бұл шараны ұсынып отырған Жарсуат округі әкімі Әлифолла Балахметов бастаған ұжымға сәттіліктер тіледі.

Сахнадағы өнер шеруі жергілікті ақындардың туған жерге арнаған туындыларын өнерпаздар Мадина Сайынова, Лашын Нұркенқызы, Абылай Құмар мен Дильназ Борисова тебірене оқып шықты.

Жарсуат!

-Сенде ғажап жылдар қалды,

Шалқуға жібермеймін мұңлы арманды.

...Мен сенің жеке жыршың атанайын,

Маздалық махаббатпен жырлап мәңгі,-деген сағыныш сезімі әр жүректегі туған жерге деген зор сүйіспеншілікті аңғартты.

Сонымен қоса ауыл өнерпаздары туған жерге арналған халықаралық Алаш сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиевтің «Жарсуат жыры» өлеңіне әуен жазған Сұлтан Қияқбай, оны өзі орындап беріп те ерекшеленді. Мұндай игі дәстүрді Мұрат Таласовтың «Атыңнан айналайын, Жарсуатым» өлеңі сөзіне ән жазған өнерпаз Лаура Қапашева да жалғастырды.

Ауылдықтар концертінде «Інжу маржан», «Еркеназ» бишілер тобы, Жанбота Еділқызы халық әні «Алқоңыр», Айкөркем Артурқызы М.Ержанов пен Т.Жароковтың «Сайра бұлбұл», Нағиым Сатимов Т.Досымовтың «Дендерім», Нұрлан Сағынов Қ.Баекеновтың «Жайна, Астана» әндерін орындап, көпшілікті қуантты.

Сондай-ақ жастар Шұғыла Есжанова, Ұлықбек Жүнісқалиев, Әсет Кеңесов, Асылбек Мағзом, Аружан Малайсарықызы орындаған туындылары да олардың ізденістерін танытты. Ал халықаралық сайыста дара келген жас қобызшы Фархат Әбдусаллимұлы мен жетекшісі Сұлтан Қияқбай орындаған «Ақбаян» әнін көпшілік жаңа қырынан танығандай болды.

Бұл ауылдан шыққан «Мерейлі отбасы» байқауының облыстағы жеңімпазы, ауданның Құрметті азаматы Сүндет Тасқариннің шаңырағындағы ұлағатты тәрбиеге де құрмет көрсетіліп, олардың республикада жетістікке жетуіне көпшілік тілектерін қосты. Олардың ізін жалғасын деген ниетпен жас шаңырақ иелері Айбек пен Жанна «Асыл еркем» әнін шырқауларына кезек берілді.

Жарсуаттағы өнерлі отбасының қарлығашы, «Мәдениет қайраткері» Ханзада Сахипова шырқаған «Тойға шашу» мен «Серілер» тобының орындауындағы «Әдемі-ау» мен «Жерім менің» әндері мәдени күннің шымылдығын жапты.

Осы арада кір тасын көтеру, арқан тарту, үстел теннисінен болған жарыстардың да қорытындылары шығарылып, жеңімпаздарға мал мен ақшалай байрақтар табыс етілді. Ал бақ аспанына халықтаған мерекелік түрлі түсті отшашу бұл қызықтың әсерін алыстарға жеткізгендей жарқырады.

Ендігі кезек осы сенбіде Көктоғай ауылдық округінікі.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика