Елтай ауылдық округінің көркемөнерпаздар байқауы да сән-салтанатпен аталып өтті. Мерекелік кешке сай безендірілген сахна шымылдығын фольклорлық ансамбль Құрманғазының «Адай» күйімен ашқан соң, кеш жүргізушілері Сабыржан Қабдолов пен Айгерім Қаражанова ортаға шықты.
Кеште Шәрбат Қайырбаева «Елімнің жүрегі – Астана», Абылай Қадым «Сәйгүлік» әнін шырқаса, «Айкөркем» бишілер тобы да мың бұрала биледі. Ал Рафаэль Әділбаев «Туған жерім» өлеңін нақышына келтіріп оқыса, М.Сиранов атындағы орта мектеп оқушыларының қобызшылар ансамблінің халық әні «Илигайды» орындауы қалың көпшілікке керемет көңіл сыйлады. Айталық, айтулы кеште Бауыржан Ғабдысаматов жетекшілік ететін «Шаттық» вокальды-аспапты қыздар ансамблінің тұңғыш тұсауы кесіліп, жергілікті ақын-сазгер Қ.Тілегеновтің «Арайлым» әнін түрлі аспапта орындады. Сондай-ақ сахнада қос дауыста дуэт А.Қосанованың «Туған жер», Сабыржан Сержанұлы К.Ізімовтің өңдеуіндегі «Өлмейтіндер» әнін тамылжыта төкті. Ал Аққала ауылының өнерпаздары «Төрт бірдей Еңбек Ері шыққан ел» тақырыбында көріністі ойнады. Оларға жиналған ауыл тұрғындарының қошеметтері ерекше болды.
Осылайша дайындалған байқау соңын Ғ.Хамзиннің «Дендерім – құт мекенім» әнін Мәди Хамзин ауыл өнерпаздарынан құрылған хормен бірге шырқап, кешті аяқтады.
Сөз алған алқа мүшесі өнер мектебінің мұғалімі Ералы Сахипов байқаудың жақсы өткенін ерекше сөз етіп, ансамбльды аспаптармен толықтыру керектігін ескертті.
Диас Айбаров
Елтай ауылы