Қылықты қыздарды «Қызыл кітаптан да» таппайсыз

Есбол ауылдық округінде өткен қыз бала тәрбиесі жөніндегі конференцияда «Ұлттың абыройын сақта, қызым, ұлттың ұяты қыздарда» деген тақырып таңдалып, талқыға түсті.

Конференцияны округте аналар кеңесінің төрағасы Ажар Сұлтанғалиева ашып, оның орынбасары, Жамбыл атындағы орта мектептің директоры Майра Тілепбергенқызы баяндама жасады.

 Онан әрі «Ұлтық құндылығымыздың ұйтқысы-тәрбиелі қыз», «Әйелге-ес, елге-сес керек», «Қазақ қызы ар-намыстың айнасы», «Ел болашағы арулардың қолында», «Қыздарды салт-дәстүрді сақтауға үйрету, патриоттыққа, имандылыққа тәрбиелеу», «Ана мен бала денсаулығын қорғау, ерте жүктіліктен сақтау» тақырыптары талқыланды.

Мұны аналар кеңесінің мүшелері Жамбыл, Есбол, Қ.Есқалиев атындағы орта мектеп директорларының орынбасарлары Ж. Жұбанышқалиева, Г.Хасанова, Н.Әбуова, «Қарлығаш» балабақшасының басшысы А.Сәрсенова, округ әкімшілігінің бас маманы Н.Қасанова, бас дәрігер Ш.Сатқалиева жалғастырды.

 Олар қыз тәрбиесі жөніндегі өз пікірлерін, көптеген ұсыныстарын ортаға салды. Үш мектептің атынан сөз алғандар арнайы көрнекіліктерді де пайдаланып, жақсы мен жаман туралы кеңінен мағлұматтар берді.

-Қазақ қыздарының қоғамдық орындарда ашық-шашық жүруі сәнге айналды. Тіпті шашын жайып жүрген қыздарды көргенде көңілің құлазиды. Шаш қай кезде жайылады, соны жастар неге білмейді. Ол адам өлген және босанар алдында жайылмай ма?! Сонда жай уақытта шашын жаятындай қыздарға не көрінген.

Қысқа етек көйлек, шортик кигендерді көріп шошитын едік, енді одан да бетер іш киіммен қоғамдық орындарда жүре беретіндер шықты. Ата-ана қайда қарап отыр, оның бәрін мектепке аударып отыра беруге бола ма?! Тәрбие – ортақ міндет, жауапкершілікпен қарауға шақырамын,-деген Ажар Халелқызының сөзін қоштағандар көп болды.

Сонымен бірге осындай ашық әңгімеге жас қыздардың көптеп қатысып, оны әдеп сабағына айналдыру жөнінде ұсыныстар көтерілді. Конференцияны қорытындылаған ауыл әкімі Ерболат Сабиров бұл ортақ жұмысқа көптің де үлесін қосуы керектігін атап өтті.

Ұрпағын ұятпен тәрбиелеген қазақ едік, қазір мұны айтатындардың өзі де «Қызыл кітапқа» енердей сиреп барады, Өкінішті-ақ!

Соңында округтегі 9 мүгедек балаға аудандық мәслихаттың депутаты, Индер су шаруашылығының басшысы Сайлау Байбосынов, «Балапан» балабақшасының директоры Нұрлыбек Дәулетқазы, үш мектеп басшылары мен кәсіпкерлер            М.Есенғалиев, М.Баетов, М.Шабдаров, А.Есекенов, С.Қалиев демеушілік жасап, көптің алғысына бөленді.

Қуанғали АРОНОВ,

зейнеткер.

Есбол ауылы.

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT