Үйден шықпай, өнер тамашалаңыз

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантинге жабылғаннан-ақ ауданның өнерлі азаматтары індеттен еңсесі басылған елдің көңілін көтеріп, рухани күш сыйлау үшін өнерлерін ортаға салуда. Олар бұл жолы ауыл-ауылды аралап емес, керісінше әлеуметтік желілерде жанды дауыста ән шырқауда. «Біз біргеміз» онлайн эстафестасы аясында жарсуаттық Мұрат Ахмедияров өздерін халықпен бірге екендіктерін көрсетіп, отбасымен И.Исаевтың сөзіне жазылған «Ауылға барам» әнін әдемі шырқады.

Ортаңғы ұлы Ризабек баянмен, ал өзі гитараның сүйемелдеуімен орындаған тамаша туындыны жүздеген желі қолданушылары тамашалап, өздерінің оң пікірлерін білдіріп жатты. Айталық, бозбала шағында әпкесінің үйіне қонаққа келген туыстары «Осы бір гитараны ешкім тартпайды, босқа тұр. Сен алып кетші» деп аспапты Мұрат аға беріпті.

Содан қолына құшақтап қысып, әуелі ауылда өзімен қатарлас құрбыларымен бірге тартып үйрене бастапты. Кейін, біраз дүниесімен таныса жүріп, ауылдағы мәдениет үйінің жанындағы вокальды-энструменталды ансамбльда ойнап, той-домалақтарда өнер көрсетіп, солай ауылға танымал болыпты. Тіпті, әскерде жүріп те гитараның шертпелерін шертіп, алғаш «Дос-мұқасан» тобының «Айгөлек» әнін орындапты. Одан кейін есболдық Дүйсенғалиевалар триосы да Ә.Сламханның сөзіне жазылған Ұ.Жолдасовтың «Қиялдағы ару» әнін орындап шықты.Өздеріде кенеттен-ақ орындаған әндері бұлай желіде тарап кететін білмеген ағайынды қыздар аң-таң.

Дауыстары жанға жылы естілетін, құлақ құрышыңды қандыратын үш қыздың желіде көрсетілген бейнежазбасы талғампаз тыңдарманның көңілінен шыққанын ондағы пікірлерден аңғаруға болады.

Тіпті желілерде көпшіліктің сұранысымен әлемдік классикалық әндерді орындап жатқандармен қатар дәстүрлі өнерді дәріптеп, жаңа леппен керемет көңіл-күй сыйлап жатқандар да жетерлік. Солардың бірі бөденелік өнерпаздар . Ауылдағы «Әсем-әуен» дәстүрлі өнер ансамблінің жетекшісі Гүлбаршын Сариевның бастаған эстафетасына туған жерден шалғай жүрген жерлестер де үн қосып, бәрі бір қарқында «Сағындым Жайық» әнін орындады. Ал «Мұрагер» фольклорлық-этнографиялық балалар ансамблінің жетекшісі Кенжеғұл Жалғасбай онлайн күй концертін өткізіп, отбасымен бірге халық әні «Дүние-ай», Ш.Сүлейменовтің «Ауылым» әндерін нақышына келтіріп шырқап, көптің шексіз ризашылығына бөленді.

Міне, жаман індет елімізді жаулап алғаннан бастап, әр ауылдың өнерпаздары жоспар бойынша онлайн концерт беріп жатыр. Ендеше, көрермендер үйден шықпай, жерлестеріңіздің жаңа бір туындыларын жайлы атмосферада тамашалай алатын болады.

Диас АЙБАР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521