Табылжан, асылы-Алаш,
Нәсілі-Адай,
Көзіңе көк толқыннан шашырады Ай,
...Жүрсің ғой Ақ Жайықтың жағасында,
Дегенмен бол қарағым, басыңа абай!..-деп достары, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының тұңғыш лауреаты Светқали Нұржан мен Әубәкір Смайыл жырлаған ақынның өзі ортамызда болмаса да әндері 20 жылдығын атап өтуге дайындалып жатқан Астана төрінде шырқалуда.
Оның басты ұйымдастырушысы әрі қолдаушысы мемлекеттік «Қазақконцерт» болса, Табылдының әндерінің басты орындаушысы тұяғы Абыл екені де ерекше мақтаныш әрі құрмет.
Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер институтының түлегі, жерлесіміз Абыл Табылдыұлы бүгінде осы «Қазақконцерт» ұжымында еңбек жолын бастап жатыр екен.
-Басшылықтың ұсынысы әрі қолдауы бойынша Абылдың Астананың 20 жылдығына арнап, «Тұңғыш рет» атты концерті өтіп, әкесінің бірнеше әндерін шырқады. Соның ішінде М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Ұнатамын мен сені», С.Нұржанның сөзіне жазылған «Сәйгүлік» және «Қара гүл», «Табылдың әні», «Мен қазақпын», тағы да басқа бірнеше шығармалары көрермендерге ұсынылды.
Сонымен бірге ұлымның концертіне еліміздегі бардтық өлеңдер шебері, Табылдының өзі аға деп сыйлап өткен Қорабай Есенов, Сейіл Аяған, Елена Әбдіхалықова, Бекжан Қалмағамбетов, сондай-ақ Атыраудан ақындар Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш, Берік Жәменов, курстастары мен сыныптастары алыс болса да барып, шашбауын көтергендеріне бек ризамын. Оларға алғыстан басқа айтарым жоқ,-деді бізге Индерборға оралған соң анасы Қарлығаш Басарқызы.
Шынында да ақынның тұяғы қойған концертке оның достары сыныптастары Бекзат, Ержан Сағынбаев, Нұрхан Бергенбай, Азамат Орынбасарұлы, Әділбек Талғатұлы, тағы басқа көптеген қолдаушылары қатысып, индерлік жастың Астанадағы концерті өз мәнінде әсерлі өтуіне атсалысқаны өте орынды болған.
Ал Алаштың ұлы Табылды Досымовтың өлмес өнерін жалғастырып жүрген Абылға тек өнер мен өмірдегі жолың дәйімде ашық болсын демекпіз.
С.ХАЛЫҚОВ.