Аудандық орталық перзентханада Ұлттық домбыра күні бірінші болып дүние есігін ашқан сәбиге төл аспап сыйға тартылды.
Осындай тарту сыйды Қазақстан Халық Ассамблеясы Атырау облыстық филиалы мен аудан әкімшілігі жасады. Бұл күні орталыққа аудандық аналар кеңесінің төрайымы Светлана Жанғалиева мен аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Жеміс Тілепқалиева арнайы барып, сол күні сағат 19:15 шамасында дүниеге келген 4,100 келі батыр ұлдың анасы көктоғайлық Айнұр Калимоваға қазақтың ұлттық аспабы домбыра мен құшақ толы гүл сыйлады. Бұл да жас сәбидің рухани дүниесі ұлттық намысқа сай болсын деген ырым еді...
Диас А.