Республика күні кімдердің концерті жоспарланған?

Күз – көп сала мамандары үшін жұмыс қызатын кезең. Әсіресе, өнер әлеміндегі әнші, бишілер, әртістер мен актерлар елдің түкпір-түкпіріне барып, гастрольдік жоспарын орындауға кіріседі. Биыл да өнер адамдары осы әдетінен таймай, әр аймақтағы жанкүйерлерімен жүздесіп жүр. Kursiv.kz алдағы аптада қай өңірде кімдер концерт беретінін біліп көрді.

Әнші TURAR концерті Атырау қаласында

Жастардың сүйікті орындаушысына айналған әнші Тұрар барлық жанкүйерлерін көптен күткен концертіне шақырады! Оның шығармашылығында қазіргі заманғы музыкалық жанрлар мен өмір, махаббат сияқты маңызды тақырыптарды қозғайтын терең, жан-жақты мәтіндер керемет үйлесім тапқан. Әншінің «Сары қыз», «Мен ешкімді сүймеймін», «Ойлай беремін», «Ертегі емес», «Болмайды», «Әке» деген әндері тыңдарман арасында танымал. Сахнада бір жүрген әріптестерімен жазған дуэттері де аудиториясының ерекше ықыласына бөленіп жүр. Әнші алдағы апта өтетін шығармашылық кешінде көптің көңілінен шыққан хит әннің бәрін шырқап бермек.

Концерт 25  қазан күні Атырау қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы драма театры ғимаратында өтеді. Басталуы сағат 20:00-де. 

TEMIRLAN & YERNAT концерті Алматы қаласында

Түркиядағы Bridge TV need for fest, Израильдегі Music World және АҚШ-та өткен World Championship байқауларының жеңімпаздары Темірлан мен Ернат деген домбырашы жігіттерден құралған дуэттің кейінгі жылы танымалдығы арта түсті. Олардың Alem, Galam, Amanat деп аталатын және өзге танымал туындыларын, әсіресе, әлеуметтік желі қолданушылары ерекше жақсы көреді. 

Дуэт алдағы аптада, Республика күнінде, назарларыңызға әлемдік композиторлардың шығармаларын, топтың авторлық музыкасы мен күйге толы тамаша шоу-концерт ұсынады.

Бағдарламада вокалдық-хореографиялық және сахналық қойылымдар да бар.

Олардың ерекше музыкалық стилі дәстүрлі музыканың тереңдігін көрсете отырып, заманауи музыкамен әдемі үйлесім тауып, тыңдарманға ерекше әсер сыйлайды.

Кеш 25 қазан күні Алматыдағы Республика сарайы ғимаратында өтеді. Басталуы: сағат 18:00-де.

Тоқтар мен Бейбіттің ән кеші Талдықорған қаласында

Халықтың сүйікті жұбына айналған, тіпті халықтың қолдауымен, ақ батасымен, сахнада жүріп, махаббаты көрерменнің көз алдында өрбіген қазақ эстрадасындағы танымал жұптардың бірі Тоқтар мен Бейбіт оңтүстік шаһарда концерт бермек. Жұлдызды жұп алдағы аптада киелі мекен Талдықорғандағы тыңдарманымен жүздесуге дайындалып жатыр.

Жұптың «Таптым-ау», «Уақыт», «Бақыт таңы» және өзге де сырлы сезімге толы әндерін қосыла шырқап, әсерлі ән тыңдап, тамаша концерт көріп, тынығуды қаласаңыз, 25 қазанда болатын концертті жіберіп алмаңыз.

Концерт Талдықорған қаласының Мәдениет сарайында өтеді. Басталуы сағат 19.00-де.

Теміртаудағы Қанат Әлжаппаров пен Қайрат Әділгерейдің әзіл кеші

Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, концерт беріп жүрген тағы бір әртістер тобы бар. Бұл – әйгілі комиктер Қайрат Әділгерей мен Қанат Әлжаппаров. Алдағы аптада әзіл әлемінің белді тұлғалары Теміртаудағы көрерменін қуанту үшін тур аясындағы концерттік бағдарламасын ұсынбақ. Бұл кеште көрермен әртістердің әзілін тыңдап, өнерін тамашалап қоймай, оларды жаңа қырынан да тани түседі.

20 жылдан астам көрермен көңілінен шыққан түрлі сериалдар мен фильмдерді қазақша дыбыстап жүрген Қайрат Әділгерей мен қағытпа қалжыңымен, әйгілі «Автоматымен» жұрттың ыстық ықыласына бөленген Қанат Әлжаппаровтың кешінен кім болса да, қалып қойғысы келмейтіні белгілі. 

Ұйымдастырушылар әдетте әзілге толы монолог айтып сахнаға шығатын бұл жұлдыздар Теміртауда өтетін кеште сахналық қойылым көрсетіп те, халықты қуантуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Кештен қапы қалмаңыз.

Әзіл-сықақ кеші 22 қазан күні Теміртау қалалық Мәдениет сарайында өтеді.

Басталуы: 18:30

Бағжан Октябрь «Жан терапиясы» концерттік бағдарламасымен Ақтау қаласында

Қазақстандағы ең танымал виолончелистердің бірі Бағжан Октябрь де қазір қызу жұмыс істеп, гастрольдік сапармен ел аралап жүр. Ол алдағы аптада Ақтау сахнасында өнер көрсетпек. Ол бұл күні тыңдарман алдына «Жан терапиясы» атты жаңартылған бағдарламасымен камералық оркестр сүйемелдеуімен шығады.  Бағжан әлемнің түкпір-түкпіріндегі ең көркем жерлерде виолончель аспабында ойнаған видеолары арқылы танылды. Ол түрлі танымал көркем туындыларды виолончель ырғағына келтіріп, көптің жүрегін жаулады. Оның эстетикаға толы видеолары әлеуметтік желіде жылдам тарап кетті. 

Қазіргі таңда музыкант Қазақстанда ғана емес, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Түркияда өз концерттерін сәтті өткізіп жүр. Елдегі концерттерімен қатар, шетелдегі кештері де аншлагпен өтіп жатады.  «Жан терапиясы» – бұл виолончельдің жан тебірентетін, сезімтал дыбыс толқыны.

Ерекше кештен қапы қалмаңыз. Үнемі аншлагпен өтетін кешке әлі де билет алып үлгересіз. Себебі Бағжан бір кеште екі концерт бергелі жатыр. Біріншісі 19:00-де, екіншісі 21:30- да басталады. Алайда билеттер өте жылдам сатылып жатыр. Асығыңыз!

Керемет концерт Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінде өтеді. 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521