Жақында жаңа мәдениет үйінде «Ел жүрегі - Астана» атты ән фестивалі өтті. Ол Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналды. Мақсаты – жастарды достыққа, бірлікке, ынтымаққа, өз Отанын сүюге тәрбиелеу, Астана туралы әндерді орындау шеберлігін арттыру.
Еңселі Елордамыздың мерейтойына арналған кеш шымылдығын Рза Нұрмағамбетова мен Айгерім Нығметова «Астанаға арнау» әнімен түрді. Кейін Өтеген Нұрмағамбетов «Қазақстаным», Қымбат Айтжанова «Астана», Жандос Шүйінішқалиев «Арман қала – Астана», Аружан Хайруллина «Егемен Қазақстан», Шәрбат Қайырбекова мен Сабыржан Қабдолов «Астана вальсі», Әсет Кеңесов «Астана кеші», Амандық Салаханов «Қазақстан», Тимур Нұрмағамбетов «Туған өлке», Айнара Патихова «Қазақ елі», Аяжан Қаюпова «Елбасы», Бекзат Қайреденов «Қазақстан», Мұратбек Жұмашев «Ару Астана» әндерін шырқады. Оларға көрермендер ыстық ықыластарын білдіріп, қолпаштап отырды.
Думанды кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов биылғы жылдың маңыздылығына тоқталып, бүгін өнер иелеріне шабыттары шарықтап, өнердің биік шыңдарынан көріне берулеріне тілектестігін білдіріп, өнерпаздарға Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.
Мерекелік кеш «Елге тілек» әнімен қорытындыланды.
Диас АЙБАРОВ.