Астана қаласының – 20, Атырау облысының – 80 және ауданның құрылғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Менің елім – бақыт бесігі» атты көркемөнерпаздар байқауының эстафетасы Өрлік ауылына да келіп жетті. Мәдениет үйінде өткізілген салтанатты кеште алдымен қонақтар дәліздегі ауыл азаматтарының қолөнер, сурет, шығармалар көрмесімен танысып, өздерінің ықылас-пейілдерін білдірді.
Сахнаға көтерілген қос жүргізуші Бекзат Қайреденов пен Ардақ Арманқызы қонақтарға қош келдіңіз айтқан соң, Нәсіп Төлегенова жетекшілік жасайтын домбырашылар ансамблі халық күйі «Келіншек» және Сейтектің «Тойбастар» күйін күмбірлетті. Замана шындығын зарлай жырлаған көрнекті жырау, төкпе ақын Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» дастанынан облыстық, аудандық көркемсөз байқауларының жеңімпазы Аманжан Сағынов үзінді оқыса, Б.Аманшиннің «Исатайдың семсері» шығармасынан шығарылған сахналық қойылым да сәтті сомдалды. Кейін әжелер квартеті «Ауылым», Жанар Сағиева «Астана», Бекзат Қайреденов «Дендерім-байтақ мекенім», Римма Қабдешова «Әдемі қыз» әнін әсем шырқады. Бұдан әрі Тұқпатолла Төлегенов Құрманғазының «Терісқақпай» күйін күмбірлетсе, Дендердегі 50 жылға жуық тарихы бар «Ақ Жайық» вокальды-аспаптар ансамблінің іргетасын қалаған жергілікті композитор Қалдыбай Тілегеновтің «Арайлым» әнін қос дауыста Клара Аманғалиева мен Гүлшара Сағиева орындап бір марқайтып тастады.
Сондай-ақ, жергілікті ақын Базар-ғали Суханқұловтың сөзіне жазылған «Досқа сағыныш» әнін Руслан Юдин әдемі әуелетіп, «Еркеназ» бишілер тобы өзбек биін мың билеп берсе, трио Бәкір Тәжібаевтың «Туған жер» әнін зор қошеметпен шырқады. Ақын Әлия Даулетбаеваның «Ей, Маха» өлеңін Алтын Сапағұлова нақышына келтіріп оқыса, жеке дауыста Клара Аманғалиева хормен бірігіп «Атырау-арман» әнін сахна төрінде қалықтатты.
Кеш түндігі Ерасыл Қанатов пен Ақбота Габдысалимованың орындауындағы «Қазақстан бақытты» әнімен жабылды. Алқа төрағасы Жеміс Тілепқалиева кештің жақсы деңгейде өткендігін айтып, қорытындылады.
Осылайша өр халық өрліктіктер «Өзім дегенде өгіз қара күшім бардың» қағидасын танытып, мәңгі өлмес өнердің өрнегін салды.
А.Диас.
Өрлік ауылы