Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толды

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали (Мұхамедқали) Сүлейменұлы Мақатаевтың туғанына бүгін тура 90 жыл толды.

Ол 1931 жылы ақпанның тоғызы күні Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. Мұқағалидің бала кезі сұм соғыстың қасіретті жылдарына тұспа-тұс келді. Өлең жолдарынан ақынның бала кездің өзінде қандай қиыншылықтан өткенін аңғарамыз.

Орта мектепті интернатта жатып бітірген жігерлі жас еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады.

Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке бет бұрады. Оның өмірге ғашық, махаббатқа құштар өлеңдерін оқып отырып, жігеріңізді жанып, қайратыңызды қайрайтын айшықты ойларды кездестіруге болады.

Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған.

Ол - қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген ақын. Өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді. Мұқағали поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті.

Мұқағали Алматыда өмір сүрген жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын таныта білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Ақынның аударма саласында да еңбегі зор. Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» атты бөлімін, Шекспирдің «Сонеттерін», Уолт Уитменнің өлеңдерін қазақ тілінде сөйлеткен ақынның кітаптары өмірден өткеннен кейін он мыңдаған данамен басылып шығып жатты.

Ақын 1976 жылдың 27 наурызында Алматыда дүниеден өткен.

inform.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT