Ұлыстың ұлы күнінде

Биыл да аудан халқы көктеммен бірге жанарып, айналасын тазалап, Наурыз мейрамына көтеріңкі көңіл, ерекше ықыласпен келді. Ал «Ырысым шалқысын – Ұлы Елім» атты Ұлыстың Ұлы күніне арналған бұл мерекелік шара «Жеңіс» саябағында өтті.

Саябақтың төрінде орналасқан сахнада ұлттық салт-дәстүрге толы композициялық тамаша қойылымдар көрініс тауып,   «Наурыз думан» әнімен белгілі өнерпаз Рза Нұрмағанбетова орындауындағы әсем әнмен басталды.

-Уа халайық! Бүгін ерекше күн, күн мен түн теңесіп, ғаламда өлара сәт туды. Бұл сәтті жақсылық пен шапағаттың, ырыс пен берекенің, бейбітшілік пен өркениеттің пайдасына шешуіміз керек. Ол үшін өткен жылымызға алғысымызды білдіріп, ізгі ниетімізбен шығарып салайық, ағайын. Ал жаңа жылдың басын барлық жақсылыққа балап, қарсы алайық. Ұлыстың ұлы күні қуаныштарың мол  болсын, қайғыларың жоқ болсын, - деген  «Қыдыр баба»  жиналған қауымға батасын берді.

«Тәуелсіздіктің тұғыры биік, келешегі кемел болсын» деп сахна кейіпкерлері бәйтерекке ақтық байлады. Ағаш бұтағына ақтық іліп, дұға оқыса, адам бақытты болып, өмірі ұзарады дейді. Әулиелі жерге ақ шүберек байлау ауру-сырқаудан сақтап, бәле-жаладан қорғайды деген сенім бар. Қолдарында оттары бар әжелер аластату ырымын жасады. Аластау –  бәле-жаледан, көз тию, сұқтан сақтанудың ежелден келе жатқан ырымы. Сондай-ақ әжелер ұлы тойға арнап шашу шашты, тай-қазан көтерілді. Көне түркілік дәуірден бастау алатын бұл ырымдар бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келеді.

Ұлыстың Ұлы күніне жиналған баршаны аудан әкімі Серік Арыстан құттықтады.

-Ұлттық салт-дәстүрімізде ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан Наурыз мерекесі бүгінде халықаралық сипатқа ие болып, әлемдік деңгейде тойлануда.

 Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз,  ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиістігін атап өте келе замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажеттігін атап өтті. Осы орайда өлкемізде татулық пен ынтымаққа бастайтын көрісу күнінен бастап  облыс әкімі Н.Ноғаевтың бастамасымен «Ұлы даланың дәстүрлері» атты форум өз мәнінде жоғары дәрежеде өтті.  

Қымбатты ағайын! Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын.  Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, өріс малға толсын, жылымыз құтты жыл болсын, -деді аудан әкімі Серік Бисешұлы.

Сахнада  «Ару-Ана» әжелер ансамблі «Сәулем-ай  әнін шырқаса, Р.Ғабдиев атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрі (жетекшісі әрі дирижері Айгерім Мусаева) Құрманғазының «Саранжап», «Адай», «Серпер» күйлерін тамылжыта орындады. «Құтты болсын Наурыз», «Қазақстан Ұлы Отаным» әндерін Айгерім Нығыметова, Тимур Нұрмағамбетов, Рима Шәукерова шырқап көрермендердің ыстық ықыласына бөленсе, сондай-ақ Серік Нысанов, Әділет Меңдібаев, Айнара Патихова, Әнуар Маратов, Мұратбек Жұмашев және басқа да өнерпаздардың  әсем әні мен тамаша биіне ұласты.

Саябақ алдындағы Қ.Тұхфатов көшесі бойына сән салтанаты жарасқан ақшаңқан  9 киіз үй тігіліп, баршасында ұлтымыздың бай дәстүріне толы  сахналық қойылымдар сомдалды. Аудандық білім бөлімінің тіккен киіз үйіне  бас сұққанымызда Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің ұжымы «баланы бесікке салу» рәсімін дайындаған екен. Әулеттің ақсақалы жаңа туған нәрестеге азан шақырып атын қойса, ақ орамалды әже бесікке салды. «Әйіп қажы» мешітінің киіз үйінде  «Айналайын» балабақшасы «тұсау кесу» рәсімін ұйымдастырыпты. Көпшіліктің қолдауымен тәй-тәй басқан балдырған жолына қойылған дүниелердің ішінен домбыраны алдымен таңдады. Мұны жақсылыққа жорығын көпшілік өнерлі азамат болады десіп ризалық пейілдерін білдірді. Индер байлығын игеріп отырған  «ИСИГипсИндер» ЖШС киіз үйінде С.Сейфуллин атындағы орта мектеп «Қамшы ілу», Индер желілік-өндірістік бас-қармасы мен «ОблТрансгазАймақ» Индер бөлімшесі киіз үйінде М.Әуезов атындағы орта мектеп «Шегешапан»,  «Индерсу» КМК киіз үйінде «Райхан» балабақшасы «Ұйқыашар», аудан әкімдігінің киіз үйінде «Көктем» қазақ орта мектебі «Беташар» және көп бейінді ауыл шаруашылығы колледжі ұжымы «Бастаңғы», аудандық аурухана «Жарапазан», шығармашылық мектебі «Наурызға ерулік»  ұлттық салт-дәстүр көріністерін тамаша сомдап жатты.  Индербор кенті әкімі аппараты, жұмыспен қамту орталығы, балабақшалар  түтінін будақтатып қазан көтерсе,  кент басындағы басқа да  мекеме ұжымдары саябақ ішінде дастархан жайып,  мерекеге жиылған көпшілікке құрмет көрсетті.

Ұлыстың Ұлы  күні ауа райы ызғарлы болуына қарамастан  мерекеге алыс-жақыннан ағайын көп жиналды. Көптен көрмегендер  бір-бірімен көрісіп, тамаша шараға куә болып, арқа-жарқа болып жатты.

Көпір маңындағы демалыс алаңында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Бисенбаевтың ұйымдастыруымен балалар асық ойнап, гир көтеріп, күш сынасып, қой көтеріп қызықты спорттық ойындар жалғасын тапты. Бұл шараларға «Нүрет» шаруа қожалығының басшысы М.Ілиясов және кәсіпкер К.Сабырғалиев демеушілік жасады. 

Саламат САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

 

Соңғы жаңалықтар

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

COVID-19 инфекциясы

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика