Өзгенің жасығына еліктеп-солықтап, ата-бабаларымыз сан жылдар қалыптастырған асыл қазыналарымыз шет қалып жатқан тұста «Бір ел-бір кітап» акциясының маңызы күн санап арта түсуде.
Осы тұрғыда руханият, діл мен дін, сананы терең ұғынуға шақырған Ш.Құдайбердіұлы шығармашылығы мен Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» туындыларымен бірге салт-дәстүр, отбасылық құндылықтар мәселесін көтеретін Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабының маңызы тым жоғары. Аудандық орталықтандырылған кітапханада, сондықтан да отбасы құндылықтарын ұлықтайтын көркем әдеби кітап туралы оқушылар конференциясының өтуі ерекше оқиға болды. Олай дейтініміз:
«Аға!» деп барсаң ағаға,
Ағаның көңілі көкте жүр.
«Бауыр!» деп барсаң бауырға,
Бауыры оның көк темір,-деп қайран ақын Есенқұл Жақыпбек жырлағандай, адамдардың бір-бірінен жаттанып, алшақтап бара жатқан заманда оқырманына әке мен ана, әженің қасиеті, отбасындағы орындары, ұрпақтар, туысқандар арасындағы сыйластық сынды асыл қасиеттерін тағы бір ұқтыратын шара болды ол.
Осы жайлар жан-жақты сөз болған шығарма туралы алғашқы пікірді кітапханашы Гүлзина Азанова әңгімелеп, ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп, мәслихатты ашты. Сонан соң жиналғандар үлкен экраннан батыр тұлғаның туған жері, асыр салып ойнаған көркем табиғатты тамашалап, мұражайы туралы жерлестері ғалым Мекемтас Мырзахметов пен келіні Зейнеп Ахметова ойларына құлақ тосты.
Расында да патриотизмнің өзін жасылды-көкті әскери киім киінуден емес, тіл мен ділден, туған жерді тереңдей сүюден басталатынын ерте ұғып, сонау соғыс жылдары қазақ тілі қолданудан, салт-сананы ұлықтау қалып бара жатқандығы туралы Қазақстан басшылығына хат жолдаған, дабыл қаққан батырдың басқаша жазбасы да анық еді. Бұл тұрғыда оқырман Самиғолла Ғалымның пікірі әбден-ақ орынды естілді.
Бірақ сол 1947 жылы жазылған «Ұшқан ұя» кітабын 10 жыл бойына жария ете алмай кейін біраз қысқартулармен Ресейдің сонау шеткері жағында жатқан Калининград қаласында жарық көрген ғой. Содан соң барып, жазушының жүз жылдық тойында қайта толықтырылып, отыз томдық жинағына енуі тек Тәуелсіздік жылдары іске асып отырған шаруа.
Сондықтан да бұл тұрғыда белсенді оқырман Самиғолла Ғалымның ойлары ерекше өткір естіліп, көпшілік те оны қолдады. "Қазақтың мақал-мәтелдерін, даналық сөздерін терең меңгерген, орайын тауып орынмен пайдалана білген тұлға, басқасын айтпағанда бүгінгі оқулықтарда нағыз патриот, халық батыры Бауыржан Момышұлы бар ма, ол туралы шәкірттерге дәріс оқыла ма?" деген сауалдарын ортаға жайып салды.
Көп оқырман білмейтін де болар, сол 1947-1950 жылдары бүгінгі мақтаулы «Абай жолы» романы патриархалды-феодалдық қоғамның әдет-ғұрпы, салт-санасын дәріптеуші туынды деп танылып, жерден алып, жерге салған заман да өткен. Ол туралы атақты тарихшы Е.Бекмаханов: «Қиянаттың үлкені-халықтың өз тарихын өзінен жасыру екен» деп тегін айтты дейсіз бе?!
«Ұшқан ұя» кітабында әулет иесі Имаш бабадан бастап ұлын ұл, қызын қыз ретінде тәрбиелеген, бір әулеттің қазығы Қызтумас әже, оның ұлы Бауыржанның әкесі Момыш, әйелі Рәзия, ұрпақтары Үбіш, Үбиян, Сәлима, Әлиманың және бауыры Момынқұлдың қилы тағдыры әсіреленбей, шындық көзбен сыналып, нанымды баяндалғаны туралы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің мұғалімі Ардақ Шаймарданова тартымды әңгімелеп берді.
Негізі Бауыржан батыр отбасын сағынтып әкесі 53 жасқа толғанда дүние есігін ашқанда қуанған Имаш баба берген бата өзінің бүгінде әлі мазмұнын жойған жоқ. Қараңыз, «Ата тілегі оң еді-Құмары болсын құлыным. Бұл жер батырлар төрі еді-Сыңары болсын, құлыным» деп аяқталатын батасының немересімен айна-қатесіз орындалғанына баршамыз да куә емеспіз бе?! Сонда «Баталы ұл арымас» деген тағылым баршамызды да ойлантып тастамай ма?!
Мұғалім сөз еткен кітаптағы тентекті тезге салу, қыз ұзатуға, қонақ күту, ауыл арасындағы бірлікті сақтау, үлкенді сыйлау, табалдырықтың, шаңырақтың қасиеті осы шараға қатысқан әр жаспен қатар үлкендердің де санасына шоқ салғандай.
Ал бір өзінде бірнеше мамандық бар, ақылдан да кен қалмағанМомыш ат жалын тартып, бозбала халге жеткенде, Имаш бабасы бар шаруаны қолына ұстатқанда, «Ауылдағы келін-кепшікті бір шыбықпен айдайтын адуынды Қызтумас әженің өзі де:
-Момыштан сұраңдар, Момыш біледі,-деп отырады екен" деген жолдар сабағы ұққан жанға көп нәрсені меңзейді.
Кітап оқырмандары Қуанғали Ғабсаламов, Рафхат Жұмабай, кітапхананың бөлім меңгерушісі Ираш Байқатова, тағы да басқаларының пікірлері де осы ортақ ойды толықтырып, Бауыржан Момышұлының Отанына берілген, адал да шыншыл батыр деп ғана ұқпай, оның ел дамуындағы орасан зор үлесі, орны, сан қырлы қызметі ерекше атап өтілуі тиіс десті.
Сондықтан да шараны жүргізушінің «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертегі айта бермейді. Құлағына анасының әлдиі сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалуы мүмкін. Содан қорқам» деген ардақты жанның сақтандыруын қайталап, көпшілікті ғана емес, баршаны да ойландырып тастағандай көрінді бізге. Ал сізді ше, оқырман!
С.ХАЛЫҚОВ.