Қазақстанның туристік қызметтер экспорты жарты жылда 18% өскен

АСТАНА. KAZINFORM - Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша туристік қызметтер экспортының үлесі 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% өсті және 1,3 млрд АҚШ долларын құрады.

Бұл ретте елімізге Қытайдан келушілерден түскен кіріс 50% артып, 192 млн АҚШ долларына жетті.

«Kazakh Tourism» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлының айтуынша, 2024 жылы туристік қызметтер экспорты 2,6 млрд АҚШ долларын құрады.

-Туризм ел экономикасына валюта әкеледі. Қытайдан келген қонақ юань, Германиядан келген турист еуро жұмсайды. Бұл - біздің туристік қызметтеріміздің тікелей экспорты. Туризмнің жалпы ұлттық өнімдегі үлесі көп емес. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш ЖІӨ 10% дейін жетуі мүмкін, ал ақшалай түрде 20-30 млрд АҚШ доллар болады. Сондықтан кіру туризмін дамытудың негізгі мақсаты - шетелден пайда әкелу және оны халыққа, жергілікті бизнеске тигізу, – деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы.

Даниел Сержанұлы саланың бағыттары арасындағы айырмашылықты да атап өтті. Ішкі туризм азаматтардың денсаулығы мен қалпына келуіне ықпал ететін әлеуметтік аспект ретінде қарастырылады.

«Ішкі туризм әлеуметтік бағыт ретінде қарастырылады. Неге? Себебі адамдарға демалу мен рекреация қажет. Бұл жұмыстағы еңбек демалысы кезінде күш-қуатты қалпына келтіру мүмкіндігі. Сондықтан тұрғындар Алакөлге, Балқашқа барып демалады», – деп қосты Даниел Сержанұлы.

Осыған дейін Қазақстанның медициналық туризмді дамытқалы отырғанын жаздық.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT