Жаңа Салық кодексі: табыс, көлік және мүлік салығына қандай өзгеріс енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Салық саласының сарапшысы Олжас Отар жаңа салық кодексіндегі нормаларды егжей-тегжейлі тарқатты.

 — Жаңа норма жалпыға бірдей салық режимін қолданбайтын жеке тұлғаларға қатысты болады. 2026 жылы жылдық табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 36 млн теңге) асатын азаматтар жоғары мөлшерлеме бойынша салық төлейді. Сондай-ақ бірнеше жерде жұмыс істейтін немесе шетелден табыс табатын азаматтар табысының жылдық жиынтық көлемін есептеуі тиіс. Салық есептеу кезінде жеке тұлғаның таза табысы емес, салық жеңілдіктері шегерілген табыс мөлшері ескерілетін болады, — деді маман Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында.

Сарапшы көлік салығына қатысты шарттармен бөлісті.

— 20 жылдан асқан көліктерге салық 50%-ға, ал 10 жылдан асқандарға 30%-ға азаяды. Мысалы, 400 мың теңге салық төлейтін жүргізушінің көлігі 20 жылдан асса, 200 мың төлейтін болады. Сонымен қатар 2014 жылдан кейін келген көліктердің салығы теңестіріледі. Бұрын бұл көліктердің салығы жоғары еді, — деді Олжас Отар.

Спикер жылжымайтын мүлікті сатудан алынатын жаңартуларды да айтты.

— Келер жылы сатып алынған жылжымайтын мүлікті 2 жыл ішінде қайта сатсаңыз, 10% салық төлеуге тура келеді. 2026 жылдан кейін сатып алынған пәтер немесе үй кем дегенде екі жыл ұстағаннан кейін ғана салық төлеуден босатылады. Егер мүлік 2025 жылдың соңына дейін сатып алынған болса, бұрынғы бір жылдық мерзім сақталады, — деді сарапшы.

Еске салайық, Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы бюджет кірісін 3,6 трлн теңгеге ұлғайтпақ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT