Ұлттық өнерді ұлықтады

Бүгінгі рухани жаңғыру үрдісі атқарылып жатқан алуан істерімен айшықтай түскен Бөдене ауылы өнерпаздары Индербордағы округтің мәдениет күніне де ерекше дайындықпен келгендерін танытып бақты.

   Әрине, алдымен ежелден егін шаруашылығы басым дамыған округтің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесіне белсене қатысуына еш таңғалуға болмайды. Өйткені, аудан орталығының іргесіндегі ауылдықтардың барлық артық өнімдерінің де өтуі осы Индербордағы базарлар арқылы іске асуда.

Сондықтан да дәстүрлі жәрмеңкеге бұрынғы келіп жүргендермен қатар осы жолы «Айсұлтан», «Қайтпас», «Медет», «Айдын», «Қаратоқай» шаруа қожалықтары да өздерінің көкөніс-бақша, сүт, шұбаттарын саудаға салды. Бұл арада бағлан, қоймен қатар ешкі малы да сұранысқа ие болып, өтеп жатты.

«Жеңіс» алаңындағы дәстүрлі көрмеге тұрғын Гүлшара Жұмажанова қолөнер бұйымдарын қойса, шебер қолдың иесі Нақыш Құмашева тіккен көрпеге сұраныстың жоғары екенін ерекше мақтаныш білдіре айтты.

-Жасым 70-тен асып, зейнеткерлікте болмасам «Нақыш» атымен кәсібімді ашып, жүргізсем біраз табысқа жетер едім ғой,-дейді ол өзінің қолынан шыққан сан қолөнер бұйымдарын көпшілікке көрсете тұрып.

Шынында да «Ел іші – өнер кеніші» деген тігіншілік өнеріне түрлі қажеттерді сатып алмай қолдан жасайтын жаннан үлгі алғанның еш өкінбесі анық. Бұл арада Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тілек Халиннің сурет галереясын да ешкім айналып өте алмады.

Олардың көпшілігі бұрын түрлі көрмелерге қойылмаған туындылар екен. Барлығы да ауыл маңындағы табиғаттың суреті, шынайы көрінісі, сонысымен де көпшілікті қызықтырды.

 Атап айтқанда «Көктерек», «Талөткел», «Томарөткел», «Дүбірлі дала», «Табиғатпен әңгіме», «Қымыз құйғыш», «Бақытты балалық», тағы да басқа туындылар болашақта бұдан да жоғары көрмелерден орын тебеді деген үміттеміз. Бөденеліктер көркем өнердегі табыстары мен ізденістерін кешкі бақтың сахнасынан да тартымды етіп көрсетуге ұмтылыды.

Ауылдықтар, әсіресе, қазақтың қара домбырасына деген көзқарастары ерекше екендіктерін танытты. Жастардан тұратын «Гүлдер-ай» бишілер тобының «Шашу» биімен ашылған өнер шеруіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеміс Тілепқалиева ақ тілеуін жеткізген соң-ақ дәстүрлі қоңыр үн түнгі аспанға самғай берді.

Кешті теларнадағы жүргізушілердей еркін жүргізген Самал мен Жұбандық: «Біздің бүгінгі концертіміз екі бөлімнен тұрады, біріншісі-дәстүрлі ән-күй, екіншісі, эстарадалық бағытта өріс алады» деп хабарлағандарымен осы бақтағы ойын қуған көп балалар да ұмыт қалмады. Оларға «Қуыршақтар» биін (жетекшісі Гүлзира Қорғанбаева) арнап, ізденістерінің тағы бір қырын танытты.

 Ал республикаға танылған «Әсем әуен» (жетекшісі Гүлбаршын Сариева) термешілер ансамблі Кенен Әзірбаевтың «Жас екпін» әнін әуелетті.  Одан соңғы Гүлбаршын Сариева, Самал Өмірзақова, Баян Өтениязова, Гүлдана Тайырова, Аймекен Құрмашева «Ән шеру» айдары астында қазақтың (соның ішінде жерлестеріміздің әндері де баршылық) бірнеше қазақи әуенді аспандатты. Соның арасында А.Қоразбаевтың «Туған жерім тамаша» әні де ерекше жағымды естілді.

Өнерпаздар Айсана Ексебаева мен Айкөркем Болатова қобызбен орындаған әндері топтамасы да көпшілікті ерекше күйге бөледі. Бұл арада сағынышқа айналған бірнеше күйлерді санамызға оралтқан Кенжеғұл Жалғасбай, Айнұр Малекенова, Нұрдәулет Зайыров, Дәулет Қанатовтың өнерлерін болашақта да жиі естиміз, ризашылықпен қол соғамыз деген сенімдеміз.

Сондай-ақ көркемсөзге де кезек тиіп Қ.Жылқышиев пен Т.Халиннің «Ақ Жайық», «Дендерім» өлеңдерін өнерпаздар Әлібек Нұрғалиев пен Тамара Жылқышиева тебірене оқып берді.

Екінші бөлімде республикалық байқаулардың жүлдегерлері Ақбөбек Мұханбетжанова «Құс жолы», «Халқым-ай», Ұлан Қабдырахманов «Ақжайық ұландары», Аймекен Құрмашева «Ақтамақ», Меруерт Қуанышева «Астана», Айгерім Бейімбетова «Тек алға» атты екпінді әндерін шырқап, көрермендер ықыласына бөленді.

Бүлдіршіндер шығарған «Аққу» (жетекшісі Жайнагүл Дүйсенова) биінің әсем қимылдарын тым-тәуір игере бастағандарын көрсетсе, олар шетелдік ырғақты билерге де кетәрі еместіктерін айқын аңғартты. Бұл үрдісті  ағылшындық «Перфест» әнін сахналаған Олжас Аққалиев та жалғастырды.

Жалпы кешкі демалыстағы баққа жиналған көп жұртты мұндай қазақстандық және шетелдік ырғақтар да елітіп әкеткенін еш жасыруға болмайды. Сөйтіп, Б.Қоқамановтың «Атырау-қалам» әнімен жабылған сахнада қазақша күрес, білек күшін сынау, арқан тартыс жарыстарына қатысқандарға қомақты қаржылай, заттай сыйлықтар табысталды.

Осы ретте Бөдене округі әкімінің міндетін атқарушы Шырай Мерғалиева шараларға қолдау көрсеткен Құрмет Ізбасаров, Жәнібек Жұмашев, Абзал Құрманғалиев, Әзидолла Өтеғалиев, Мұхит Исмағұлов, Нұрбек Нәбижанов, Сейтқали Жұмағұлов, Сұңғат Ізбасаров сияқты жомарт жандарға да ақ алғыстарын жаудырды.

Көппен бітетін істің көңілдегідей ұйымшылдықпен атқарылып, алдағы міндеттерді шешуге тың жігер қосса онда мақсаттың да орындалғаны емес пе?!

Ендеше, ұлттық өнерге басымдық берген бөденеліктерге тек табыстар мен тың ізденістер тілейміз.

С.ХАЛЫҚОВ.

 

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика