Кітапхана бұрышы дара тұлғаларға арналды

Еліміз бойынша тұрақты жарияланып келе жатқан «Бір ел – бір кітап» акциясына сай аудандық орталықтандырылған кітапхана мен оған қарасты барлық бөлімшелерде де жылма-жыл шаралар легі жоспарлы жүргізіліп келеді.

Биылы да, міне, бұл республикалық акцияның басты тақырыбына, яғни жыл кітабына қазақтың көрнекті ақыны Әбділдә Тәжібаевтың шығармалары мен 80 жасқа толатын заңғар жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы таңдалып алынған екен. Бұл бір жағынан биылғы мерейтойына сай даланың асқар тұлғасының дара бейнесін тани түсуге кең жол ашып тұрғаны да сөзсіз.

-  Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романында жазушы бағзы заманның махаббат пен ғадауатқа толы оқиғасын арқау еткенмен сол арқылы бүгінгі өмірге, қазіргі уақыт шындығына айналамыздағы адамдар мінезі мен әрекеттеріне орай оқиға желісін өрбіткен.

Ал Әбділдә Тәжібаев – туған әдебиетіміздің ірі тұлғаларының бірі. «Сыр елі-жыр елі» атанған Сырда туып-өскен Әбілдаға іргелі ақындардың жыр додасы да өзіндік әсерін тигізсе керек. Әбілдә Тәжібаев «Күй атасы», «Ақын», «Портреттер» аталатын дастандар жазумен бірге, лирикалық поэмалардың қазақ әдебиетінде озық үлгілерін қалыптастыруға да үлкен үлес қосты. Ол әдебиетті зерттеумен де, балалар тақырыбына да қалам тартты,-деген-ді кітапханашылар. Бұл республикалық акцияға сай «Дәуірдің дара ақыны» және «Ұлы дала ойшылы» үлкен көрнекіліктер жасақтап, авторлар шығармаларынан жинақтап қойыпты.

Көрнекілік бір жағынан шараның маңызын ашып тұрса, екіншіден, оқырмандарға да ақын мен жазушының шығармаларын тез тауып, тереңдей сусындауына қолайлы жағдай жасап тұрғаны байқалады. Ендеше, қалың оқырман, өз еліңнің тарихы мен поэзиясы нәріне сусындағың келсе, кітапханаларға асығыңыздар.

С.БИСЕНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT