Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Махамбет ауданына қатысты 2025 жылдың екінші жартыжылдығында жүргізілген камералдық бақылаудың қорытындысын жариялады. Тексеру 1 шілде мен 30 қараша аралығын қамтыған.
Аталған кезеңде жалпы сомасы 249,2 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу саласындағы заңбұзушылықтарды жою туралы 47 хабарлама жолданған. Бұл деректер аудан көлемінде бюджет қаражатын игеру барысында талаптардың сақталмау фактілері әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.
Аудит нәтижесіне сәйкес, заң бұзушылықтардың басым бөлігі баға ұсыныстарын сұрату (БҰС) тәсілімен өткізілген сатып алуларда тіркелген. Аталған тәсіл бойынша 29 хабарлама жолданып, бұзушылықтардың қаржылық көлемі 141,6 млн теңгеге жеткен. Бұл жалпы анықталған соманың 56,83 пайызын құрайды.
Сонымен қатар, бір көзден алу (шартты тікелей жасасу) тәсілімен жүргізілген сатып алуларда 12 хабарлама тіркеліп, олардың жалпы сомасы 71,6 млн теңгені құраған. Қосымша келісімдерге қатысты 5 хабарлама жолданып, бұзушылық көлемі 30,5 млн теңге болған.
Ал конкурстар мен аукциондар арқылы жүзеге асырылған сатып алуларда 1 заңбұзушылық анықталып, оның сомасы 5,5 млн теңгеге бағаланған.
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықталған кемшіліктерді жою, сондай-ақ бюджет қаражатын тиімді әрі заң талаптарына сай пайдалану бағытында тиісті шаралар қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Өз тілшіміз


