Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті Мақат ауданына қатысты екінші жартыжылдықта жүргізілген камералдық бақылау қорытындысын жариялады.
Аталған кезеңде жалпы сомасы 370,2 млн теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзу деректері анықталып, оларды жою туралы 67 хабарлама жолданған.
Талдау нәтижесі көрсеткендей, ереже бұзушылықтар ең көп тіркелген сатып алу тәсілі – баға ұсыныстарын сұрату (БҰС). Бұл бағытта 53 дерек анықталып, қаржылық көлемі 301,4 млн теңгеге жеткен. Яғни, жалпы бұзушылықтардың 81,43 пайызы дәл осы тәсілге тиесілі.
Сонымен қатар, бір көзден алу тәсілімен жасалған сатып алуларда да заңбұзушылықтар тіркелген. Бұл бағытта 10 хабарлама жолданып, сомасы 60,5 млн теңгені құраған.
Ал конкурстар мен аукциондар бойынша бір ғана дерек анықталып, қаржылық көлемі 4,3 млн теңге болған. Бұдан бөлек, қосымша келісімдер арқылы жасалған сатып алуларда 3 хабарлама жолданып, заңбұзушылықтар сомасы 3,9 млн теңгені құрады.
Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мәліметінше, камералдық бақылаудың басты мақсаты – бюджет қаражатының тиімді әрі заңды жұмсалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ сатып алу рәсімдеріндегі жүйелі кемшіліктердің алдын алу.
Өз тілшіміз


