Жайық өзенін тазарту туралы бастама Атырау облысы тұрғындарынан кең қолдау тапты. Қала тұрғыны Берік Есенғалиев әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада аймақтағы басты су көзіне жанашырлық танытудың маңызын жұртшылықтың есіне салды:
“Біз осы өзеннің суын ішіп отырмыз. Жайық бізге барын береді. Тазалық жұмыстары кезінде мұнда қоқыстың қаншалықты көп екенін көріп жүрміз. Сондықтан әр тұрғын жауапкершілікті сезініп, өзенді тазартуға және сақтап қалуға атсалысса екен, — дейді ол.
Облыс әкімі Серік Шәпкенов Атырау қаласының тұрғындарымен кездесуде белсенді азаматтың қоршаған ортаны қорғау ісіне қосқан үлесіне ризашылығын білдірді. Өңір басшысы мұндай бастамалардың құрметке лайық екенін және жауапкершілік пен жанашырлықтың басқаларды табиғатты қорғауға қаншалықты ынталандыра алатынына дәлел болатынын айтты.


