– Медицина саласында жаңа әдістер жиі пайда болып жатады. Заманауи лапароскопиялық әдістің ерекшелігі – тіндерді аз зақымдап, тіліктердің мейлінше шағын болуында. Құрылғыны орнатқаннан бастап мамандарды оқытып, облыстан арнайы хирург дәрігер шақыртылды. Бұл заманауи әдіс арқылы хирург, уролог, акушер-гинекологтар өз тәжірибесінде қолдана отырып, ота жасай алады, - дейді Анаргүл Хамидоллақызы.
Жақында ғана аталған құрылғы толықтай пайдалануға беріліп, алғашқы ота сәтті өтті. Жедел аппендицит диагнозымен лапароскопиялық отаны І санатты дәрігер-хирург Нұрлан Таукебаев көмекші мейіргер Айбол Кенесовпен бірлесіп орындап, ота барысында дәрігер-анестезиолог Қамқагүл Мангитова мен анестезист мейіргер Ақтілек Сагинбаева науқасқа наркоз беріп, жалпы жағдайын толық бақылауда ұстады.
– Қазіргі таңда екі лапароскопиялық ота жасалып, бір науқас үйіне шығарылды, екінші науқас стационарда емін алуда. Лапароскопиялық отаның ерекшелігі 3-4 жерден 0,5-1 см көлемінде тесіктер арқылы жасалады. Ал дәстүрлі хирургияда үлкен тіліктер қажет. Отадан кейін науқас келесі күні орнынан емін-еркін тұрып, жүре алады.
Заманауи лапароскопиялық әдіс арқылы аппендицит, өт-тас ауруы және болашақта грыжа секілді оталарды атқаруға, сондай-ақ жоспарлы отаның барлығын өзіміз орындауға жұмыстанып жатырмыз, - дейді І санатты дәрігер-хирург Нұрлан Таукебаев.
Бұл – аудан медицинасының дамуына жасалған қадам. Енді аудан тұрғындары Атырау қаласына бармай-ақ, жергілікті дәрігерлерге жүгіне алады.

Жадыра НАРИМАНҚЫЗЫ


