Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындаған «Рухани қазына» жобасы аясында кітапхана мамандары инновациялық жобалармен танысып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында Махамбет ауданына іссапармен барып қайттық.
Махамбет аудандық, балалар және Жалғансай кітапхана жұмыстарымен танысып, тренингке қатысқаннан соң, одан әрі сапарымыз Сарайшық қаласына жалғасты.
«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы шеңберінде жасалған сапарымызда көне халаның тарихымен, сәулет өнерімен жете таныстық. Сол арқылы кітапхана мамандарының ұлт тарихына деген құрмет сезімін қалыптастыра отырып, насихат жұмыстарының жаңа сапалық жетістіктерін жандандыруды көзделді.
Музей қызметкерлері көне қаланың орнынан табылған қыш құмыралар, тұрмыстық заттар, мылтық, қылыш, қайшы, тиындар, әр түрлі алтын-күміс әшекей бұйымдармен таныстырды. Әсіресе, Құран кітабының сол күйі сақталғаны бізді қайран қалдырды.
Әз Жәнібектің қызы, алтын қайыққа мініп Шекеркөлде серуен еткен «Сарайшық ханшасы» туралы әпсәнасы, Сарайшық қаласына жерленген қазақтың 7 ханы туралы тарихи деректер біздің ерекше қызығушылығымызды тудырды.
Осылайша, рухани жаңғыру бағытындағы сапардан санамызды тағы бір жаңғыртып қайттық.
Г.Азанова,
аудандық кітапхананың оқырманға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.