Ауданымыздың торқалы тоқсан жылдық мерекесіне орай Елтай ауылдық мәдениет үйінде «Ән-жырым саған, туған жер» атты сазды концерт өтті.
Алдымен ауыл тұрғындары мен қонақтарды округ әкімі аппаратының бас маманы Алмат Махметов құттықтаған соң, Республикалық ән байқауының жүлдегері Қ.Тұрсынғалиұлы «Бірлігіміз жарасқан» әнімен көпшілікті ерекше әсерге бөлесе, И.Жақияұлының «Туған жерім» өлеңін Р. Аманжолұлы нақышына келтіріп оқыды. Содан қобыз аспабында А.Қайратқызы «Абай әндерінен попури» орындаса, Есбол ауылының «Шашу» би ансамблі "Қазақ", "Авар" билерін мың бұрала биледі. Кеш қонақтарына Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншілері Ақмарал Қадірбаева, Жанат Ермағанбетова, Перизат Тұрсынғалиқызы халық әндерін шалқытса, трио Ә.Есбаетың «Маржан қыз" әнін әсем шырқады. Сонымен қатар өнерпаз Н.Бұхаров жерлестеріне «Бір жүрекпіз» әнін тарту етсе, жергілікті-сазгер Ғ.Хамзиннің «Алтын жастық» әнін О.Есенаманұлы көтеріңкі көңіл-күйде орындады.
Мерекелік концертке Алматы қаласынан арнайы келген елтайлық "Сұңқар" тобының әншісі Асылбек Болатұлы «Тамаша-думан», "Ауылым", "Лайлама" әндерімен халықтың қошеметіне бөленді. Концерт соңында «Назқоңыр» вокалды аспапты ансамблі «Елге сапар» және «Ауылдың асыл күндері-ай» әндерімен жеке дауыста Сабыржан Сержанұлы сахна шымылдығын жапты.
Диас АЙБАРОВ.