Атыраулық жасөспірім қыздар волейбол командасы тұңғыш рет ел чемпионатында топ жарды. Талдықорғаннан олжалы оралған чемпиондар бұл нәтижеге қысқа уақытта қол жеткізіп отыр.
Жас спортшылардың алғашқы ірі додасы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында өткен Қазақстан Республикасының жазғы чемпионаты болды. Бұл жарыста атыраулық команда елдің үздік құрамалары арасында IV орынға табан тіреді.

Содан кейін Өскемен қаласында өткен республикалық күзгі чемпионатта олар шеберліктерін арттырып, жүлделі ІІІ орынды иеленген. Команданың ең жарқын жетістігі Талдықорған қаласында өткен Қазақстан Республикасының қысқы чемпионатында тіркелді. Атырау облысының жасөспірімдер командасы бұл бәсекеде қарсыластарынан оза шауып, І орынды жеңіп алды.
Команданың жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне №5 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Анастасия Щербакованың еңбегі зор. Жас спортшылардың жүйелі дайындығы мен жаттықтырушының кәсіби шеберлігі атыраулық команданы республикалық деңгейде үздіктер қатарына шығарды.
Айбөпе САБЫРОВА


