Елімізде су ресурстарын заңсыз пайдалануға қарсы республикалық жұмыс тобы құрылады.
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Министрдің айтуынша, аграрлық секторда су тапшылығының алдын алу және су ұрлығымен күресті күшейту үшін бірқатар нақты шаралар қолға алынбақ.
2025 жылғы вегетациялық кезең еліміздің көп өңірі үшін күрделі жағдайда өтті. Құрғақшылық пен су шаруашылығы жүйесіне түскен жүктеме артқанына қарамастан, уақтылы басқару шешімдері мен өңірлер арасындағы үйлестірудің арқасында суару маусымы ауыл шаруашылығы үшін шығынсыз аяқталған.
Ведомство дерегінше, 2025 жылы 1,2 млн гектар ауыл шаруашылығы жерін суаруға 11,1 текше километр су пайдаланылған. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 153,5 мың гектарға жеткен. Бұл су тапшылығы жағдайында маусымды жеңіл өткізуге мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі болған.
Алдағы кезеңге дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігі 2026 жылдың ақпан айында су келуінің ең қолайсыз сценарийін ескере отырып, су тұтыну лимиттерін нақтылайды. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылғы наурызда егіс алқаптарының құрылымын қайта қарамақ.
Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осыған байланысты Бас прокуратурамен бірлесіп арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді. Құжат су ұрлығы мен заңсыз су пайдалануға қарсы күрес үшін құқық қорғау органдары мен өзге де мемлекеттік құрылымдардың қатысуымен республикалық ведомствоаралық жұмыс тобын құруды көздейді.
Айта кетейік, бұл жұмыс тобы су ресурстарын қорғау, заң бұзушылықтардың алдын алу және алдағы суару маусымдарына жүйелі дайындық жүргізу мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін болады.


