Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ұлттық жоба аясында соңғы екі жылда 460 мың оқушыға арналған екі жүз он жеті заманауи мектеп салу көзделген. Биылғы мамыр айының соңына дейін бір жүз бес білім беру нысанының құрылысы аяқталыпты. Қалған 112 мектептің осы жылдың соңына дейін елдің игілігі үшін пайдалануға берілетіндігі белгілі болуда. Бұл жоба тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық қазақстандық баланы уақыт талабына сай сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған. Осыған орай бұл мектептердің жартысына жуығының құрылысы шалғай елді мекендерде жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде 200 мыңнан астам ауыл баласы қазіргі заманғы жайлы білім беру ортасымен қамтылмақ.
– Біздің аймақта ұлттық жобаға негізделген үш мың оқушыны қамтитын бес жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Еліміздің бас ұстазы маусым айының 26-сы күнгі өңірге кезекті сапарында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысқан болатын. Бүгінге дейін жоспарланған бес мектептің екеуі іске қосылды. Және екеуінің құрылысын жылдың соңына дейін аяқтау да жоспарда тұр. Соның бірі – Семей қаласындағы Водный кентінде орналасқан. Алты жүз баланы қабылдауға қабілетті бұл білім ордасында алдағы қыркүйек айының бірінде алғашқы қоңырау соғылмақ. Жаңа мектеп оқушыларға қажетті орын тапшылығын азайтып, оқу үдерісінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұл – өңірде бой көтерген үшінші заманауи үлгідегі білім ордасы саналады. Бұған дейін облыс орталығының Қарағайлы шағын ауданында 1200 орындық, Бесқарағай ауданында үш жүз балаға арналған ағарту орындары ашылған еді, – деп хабарлайды Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
– Қазіргі уақытта Аягөз ауданында тағы бір 600 орындық білім беру ұйымының құрылысы аяқталуға жақын. Ол да алдағы күзде пайдалануға берілмек. Сондай-ақ Семей қаласына қарасты Шығыс кентінен 300 оқушыға есептелген жаңа мектептің құрылысын алдағы уақытта бастаудың барлық мүмкіндіктері жұмылдырылуда. Жаңа үлгідегі мектептер оқушылардың жас ерекшелігіне сай жобаланып, бастауыш және жоғары сынып оқушыларына арналған бөлек блоктармен қамтылады. Барлық ғимарат заманауи техника, ыңғайлы жиһазбен жабдықталып, қауіпсіздік пен инклюзия талаптары толық ескерілген. Сонымен қатар «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында тәрбие мен кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылады.
– Бұл бастама – еліміздегі білім сапасын жүйелі түрде арттырудың нақты қадамы. Қай өңірде тұрса да, әр бала қауіпсіз, заманауи мектепте білім алуы тиіс. Ол үшін жаңа әдістерді меңгерген кәсіби мұғалімдер қажет, – деді облыс педагогтерімен кездесуі кезінде министр Ғани Бейсембаев.
Семейдегі Водный кентіндегі үш қабатты жаңа мектепте 28 оқу кабинеті қарастырылған. Оның ішінде физика, химия, биология, робототехника, графика және модельдеу, ағаш және металл өңдеу, кулинария мен тігін бөлмелері болады. Сондай-ақ акт залы, асхана, жеті зертхана, кітапхана және оқу залы бар. Мектеп интерактивті панель, ноутбук, стационарлық компьютер, принтерлермен қамтамасыз етіледі. Мұғалімдер мен оқушыларға арналған коворкинг аймақтары да қарастырылған. Қауіпсіздік жүйесінде бейнебақылау камералары, турникеттер, апаттық шығу есігі және инклюзивті орта үшін лифт, пандус, тактильді жолақ, арнайы санитарлық тораптар бар.
Мектеп ауласында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, жүгіру жолақтары мен үлкен және кіші спорт залдары орналасқан. Бұл кешен оқушылардың жан-жақты дамуына жол ашады. Жаңа форматтағы мектептерде педагогтердің кәсіби дамуына ерекше мән беріледі. Басқару жүйесі тиімділік пен ашықтық қағидаттарына негізделеді. Мектеп директоры ретінде «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысушылардың бірі тағайындалмақ. «Келешек мектептері» – білім сапасын арттырып қана қоймай, қауіпсіз, қолжетімді және инклюзивті орта қалыптастыруды көздейтін жаңа инфрақұрылымдық модель.
– Арқалық қаласындағы жобалық қуаты үш жүз орындық №7 жалпы білім беретін мектебі ұлттық жоба аясында былтырғы қараша айында ашылды. Бұл – тәуелсіздік жылдарында осы шаһарда салынған алғашқы заманауи ағарту ошағы саналады. Осы мектептің пайдалануға берілуі жергілікті оқушылардың сұранысына қажетті орын тапшылығын шешіп, жетпіс жаңа жұмыс орнының құрылуына себеп болды. Бұл тек білім беру саласын емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдаған маңызды қадам болды. Мектептің негізгі мақсаты – сапалы білім беруді қамтамасыз ету, қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастыру, балалардың денсаулығын сақтау және жаңа технологияларды тиімді енгізу. Осы орайда барлық жағдай жасалған: мектеп стандартты типтік мектептерге қарағанда 15-20 пайызға кең, заманауи технологиялармен төрт есе артық жабдықталған. Барлық сыныптарда интерактивті тақталар орнатылған, STEM-зертханалар мен робототехника кабинеттері жұмыс істейді, LED-экран, коворкинг пен демалыс аймақтары қарастырылған, – деп хабарлайды Қостанай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
– Оқушыларға еркін әрі тиімді білім алуға арналған инновациялық оқу кеңістігі қалыптастырылған. Әр оқушының қабілетін дамытуға бағытталған әдістер мен эргономикалық жиһаздар, интерактивті оқу құралдары толықтай қамтамасыз етілген. Кең әрі жарық бөлмелер, заманауи демалыс және спорт аймақтары оқушылардың жайлылығын қамтамасыз етеді. Мектепте денсаулықты сақтау технологияларына ерекше мән беріледі. Дұрыс тамақтану, дене белсенділігі мен саламатты өмір салтын насихаттайтын арнайы бағдарламалар енгізілген. Қажет болған жағдайда қашықтан оқыту мүмкіндігі де қарастырылған. Оқушылар арасында кептеліс пен буллингтің алдын алу үшін бастауыш және жоғары сынып оқушыларына жеке кіреберістер ұйымдастырылған. Спорттық, ойын және жаттығу алаңдары да бөлек аймақтарға бөлінген. Мектеп – кедергісіз және қауіпсіз орта. Сондықтан пандус, лифт, арнайы көрсеткіштер, кең дәретханалар, инклюзивті сыныптар, заманауи бейнебақылау және кіруді бақылау жүйелері, өрт қауіпсіздігінің жоғары стандарттағы жүйелері толық орнатылған.
Мектеп инфрақұрылымында 28 оқу кабинеті мен сексен орындық асхана, 677,6 шаршы метр спорт залына қоса сексен төрт орындық акт залы, заманауи жабдықталған зертханалар, STEM және робототехника кабинеттері бар. Асханада бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан, көпбалалы жанұя балаларына тегін ыстық тамақ ұсынылады. Қалған оқушылар үшін буфет қызмет етеді. Мектеп ұжымы да ерекше. Ұйымшыл ұстаздар ұжымының жетекшісі бірінші санаттағы басшы, отыз жылдық еңбек өтілі бар, Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияда он жыл басшылық еткен тәжірибелі маман Ақтоты Кисикова. Мектепте күн сайын сабақ басталар алдында оқушылар 15 минуттық сергіту шеңберіне жиналады. Сонымен қатар мұғалімдер арасында тәрбие мен құндылықтар тақырыбында кітап оқу және пікір алмасу дәстүрге айналған.
– Халықаралық зерттеулері көрсеткендей, еліміздегі таңдаулы оқу орындарымен салыстырғанда, қарапайым мектептердің білім деңгейі едәуір төмен. Осындай айырмашылықты азайту және демографиялық өсім жағдайында барлық баланы сапалы біліммен қамту мақсатында бірегей ұлттық жоба бастау алды. Бұл мектеп – сол жобаның жарқын үлгісі. Мұнда ешқандай іріктеу жоқ, осы аумаққа қарасты барлық бала білім ала алады. Ғимараты – жаңа, технологиялық, ал мұғалімдердің біліктілік деңгейі жоғары. Қазіргі таңда мектепте үш жүзден астам білім алушы және жиырмаға жуық мектепалды даярлық тәрбиеленушісі бар, – дейді директор Ақтоты Жанаралқызы.
– Қызыл Жұлдыз ауылындағы білім ордасы су тасқыны салдарынан жабылғаннан кейін ата-анам осы қалаға қоныс аударған соң Мұхтар Әуезов атындағы мектепке барған едім. Өткен оқу жылының екінші тоқсанынан бері осы жаңа білім ордасындамын. Керемет ғимаратта барлық жағдай жасалғандықтан маған өте ұнады. IQanat мектебіне түсуді мақсат еткеніммен іріктеуден өте алмадым. Бірақ осы мектептен жаңа достар тауып, білімімді жалғастырудамын. Алгебра мен әдебиет пәндерін жақсы көремін. Болашақта дене шынықтыру мұғалімі болғым келеді, – дейді оныншы сыныпқа көшкен Бекзат Азаматұлы.
– Қалалық және облыстық пәндік олимпиадалар мен жобалар байқауларының жүлдегері атанған оқу озатымын. Үйім алыс болса да, осы мектепте білім алу үшін құжатымды алғашқылардың бірі ретінде тапсырдым. Мектеп салынады дегеннен бастап ата-анаммен бірге сол қуанышты сәтті асыға күттік. Бұл білім ордасындағы оқыту тәсілдері мен ұстаздардың қарым-қатынасы ерекше. Таңертең шаттық шеңберіне жиналып, түрлі ойындар ойнаймыз. Ақпараттық технология саласының мың сырлы құпиясын меңгеру үшін көп оқып, ізденуге ұмтыламын, – дейді 10-сыныпты тәмамдаған Айдана Болат.
– Бокстан бірінші спорттық разрядты иеленіп, облыстық жарыстардың тұрақты жеңімпазы атандым. Шаңғы спортынан да жетістігім мол. Мен агроном мамандығына таңдау жасаудамын. Әкем бақша шаруашылығымен айналысатындықтан бала кезімнен бұл істің барысын жақсы білемін. Агрономия – табысты кәсіп. Білімімді жетілдіру арқылы осы бағытты дамытқым келеді, – дейді он біріншіге көшкен Нұрмұхамбет Садуақас.
– Тұран шағын ауданында орналасқан «Келешек мектебі» – өз тарихын сапалы жаңғыртуға бағыттап, білім беру жүйесінде жаңа парадигма қалыптастырып отыр. Мектептің қуаттылығы 1200 оқушыға арналған, алайда оқушылар үшін жайлы орта мен қолайлы жағдай жасалып, соңғы заманауи үлгідегі техникалармен, жиһаздармен жабдықталған бұл мектепте қазіргі таңда 2300-ге жуық оқушы білім алуда. Бұл – мектеп үшін қажеттілік қана емес, сонымен бірге тиімді жоспарланған инфрақұрылымның нәтижесі. Білім беру процесіне қажеттілік тудырған инновациялық тәсілдерді енгізуде соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген кабинеттер сабақ өтуге қолайлы. Мұнда интерактивті тақталар, химия, физика, биология зертханаларға лайық жабдықтары бар лабораториялар және 3D баспа, лазерлі кескіш сияқты құралдары бар STEM және робототехника кабинеттері бар, – дейді Шымкент қаласындағы №143 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Мейра Сапарбекқызы Сулейменова.
«Келешек мектебінде» робототехника, инженерлік жобалау, цифрлық платформалармен жұмыс істеу үйірмелері дамыған. Арнайы STEM орталықта Arduino, Raspberry Pi, LEGO Mindstorms сияқты жүйелермен тәжірибе жүзінде жұмыс жүргізілуде. Оқушылар робототехника бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын қызығушылықпен атқаруда. Бұл оқушыларды ерте жастан бастап кәсіптік бағдар беруге, инженерияға қызығатын оқушылардың қатарын арттыруға қолайлы мүмкіндік тудыруда. Оқушылардың жан-жақты дамуына баса назар аударып, екі спортзал қарастырылған. Футзал, волейбол, баскетбол алаңдары толықтай жабдықталған. Сонымен қатар шахмат, тоғызқұмалақ, асық, жеңіл атлетика және тағы басқа спорт түрлері бойынша үйірмелер жүйелі дамыған. Мектепте 150-ге жуық педагог жұмыс істейді: 36 «педагог-зерттеуші», 23 «педагог-сарапшы», 48 «педагог-модератор», 29 магистр ғылыми дәрежесі бар педагогтер қызмет атқаруда.
Сонымен қатар пәнаралық әдістемелік топтар, ERP системамен қамтылған білім беру жобалары бар. Мұғалімдер академиялық білімге қоса ІТ дағдылар мен дизайнерлік ойлау, жоба негізінде оқыту әдістемелері бойынша үздіксіз кәсіби даму үстінде. Күнделікті сабақтардан бөлек мектепте дебат клубтар, «Жас зерттеуші», экология, киберқауіпсіздік, 3D модельдеу бойынша шығармашылық алаңдар жұмысы жанданып отыр. Жыл сайын өткізілетін экологиялық жобаларға оқушылар белсене қатысып, қалалық мектептер арасында көшбасшы атануда. №143 жалпы орта білім беретін «Келешек мектебі» – бұл жаңа заманның талаптарына сай, білім мен дамуды ұштастыратын білім ордасы. Мәңгілік жаңару мен оқыту сапасында үздіксіз өсу принципі негіз болған орта. Бұл мектеп – Шымкент қаласындағы Тұран шағын ауданындағы мектеп жасындағы балаларды білімді болашаққа жетелейтін жан-жақты дамыған, инновациялық бағыттағы білім мекені.
– Еліміздің басқа аумақтарындағы сияқты біздің өңірімізде де ұлттық жобаның шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Бәйтерек ауданында екі жаңа мектеп салынуда. Достық ауылында 1200 орындық ірі білім ордасының құрылысы қолға алынған. Бұл мектеп заманауи пәндік кабинеттермен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайды қамтамасыз етеді. Пугачево елді мекеніндегі үш жүз орындық ағарту ошағының құрылысы қарқын алған. Бұл жаңа мектеп ескі, апатты жағдайдағы ғимараттың орнын басып, жергілікті оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу орнын ұсынады. Орал қаласының Жәңгір хан көшесінде 600 оқушыны қамтитын заманауи мектеп бой көтеруде. Бұл жоба үш ауысымды жағдайды реттеуге бағытталған және облыс орталығындағы білім саласына жаңа серпін бермек. Жалпы алғанда бұл жобалар іске қосылған кезде аймақтағы білім беру инфрақұрылымының сапасы едәуір жақсарып, оқушылар үшін заманауи, қауіпсіз және жайлы орта қалыптасады. Демек мемлекеттің қолдауымен болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына нақты мүмкіндіктер қарастырылуда, – деп хабарлайды Батыс Қазақстан облысы білім басқармасының баспасөз қызметі.
– Мен сегіз баланың анасымын. Оның алтауы мектеп жасында. Бір ұлым үй жағдайында оқиды (денсаулығына байланысты). Деркөл кенті уақыт ұзаған сайын қанатын кеңге жайған облыс орталығының шет жағында. Бұл ықшам аудан құтты қоныс ретінде соңғы кезде жылдам дамып келеді. Отыз мыңға жуық тұрғыны бар осы аумақтан 1500 шәкіртке шақталған заманауи №51 мектеп салынып, былтыр пайдалануға берілген болатын. Еңсесі биік нысанның аумағы кең, іші жап-жарық. Қажетті құрал-жабдықтары керемет. Өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін жайлы да жақсы жағдай жасаған ел ағалары мен азаматтарға бас иген жөн. Президенттің бастамасымен қолға алынған ізгі іс – жалпақ жұртқа мақтанарлық жаңалық. Мектеп ұстаздарының балалар және ата-аналармен жұмысы жоғары деңгейде. Негізгі мектепті сәтті қорытындылаған қызым биыл қызыл аттестат алды. Бұл – озық ойлы оқушы мен парасат-пайымы мол педагогтің ерен еңбегінің айқын дәлелі. Ұлттық рухтағы бәсекеге қабілетті шәкірттердің шоғыры көп болсын. Біз ата-аналар ретінде қолдан келетін көмегімізді аянып қалмауға дайынбыз. Келешек мектебінің әрбір кірпішін қалаған құрыш қолды құрылысшылардың маңдай теріне алғысымыз шексіз, – дейді оралдық ардақты ана Молдир Тулегеновна Темиргалиева.
Жұмабай Жақсығали Төлегенұлы, №51 жалпы білім беретін мектептің директоры, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының резервшісі: – Білім ордасы үш қабатты (бірінші, екінші қабаттар – дене шынықтыру-сауықтыру орын-жайларды құрайды) және жертөлесі бар. Ғимараттың бір қанаты – бастауыш сынып үшін, келесі бөлігі орта және жоғары сыныптарға арналған. Ортаңғы тұсы жалпы мектеп жайларына арналған блоктарға бөлінген. Әр жастағы оқушыларға арналған төрт спорт зал бар. Шеберханалар бір аумаққа біріктірілген, шығу есігі де бөлек. Бір жүз тоқсан орындық акт залы орталық блоктың екінші қабатында. Асхана да 190 адамды қамтиды әрі жоғары және бастауыш сынып оқушылары үшін үш кіру есігі бөлек. Үшінші қабаттың орталық бөлігінде кітапхана мен бірнеше коворкинг алаңдары бар. Музыка сыныбы мен хореография кабинеті жоғары және кіші буындар блогының түйіскен жерінде. Мектеп ғимаратының сәулеті жаңаша стильде заманауи перделік қасбеттерді пайдалана отырып жасалған. Сыртқы аулаға үш ойын алаңы (футбол, баскетбол, волейбол, жүгіру және спорттық) салынған. Нәтижесінде үш ауысымдағы №49 мектептің жүктемесі азайып, бір мың екі жүзден астам оқушы жаңа білім ордасына келді. Оларға сапалы білім мен саналы тәрбие бететін педагогикалық құрам жүзден жоғары.
Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ










