Шымкент қаласында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің «A Million Dreams» желілік арт-фестивалі өз мәресіне жетті. Екі күн бойы оқушылар өнердің түрлі бағытында бақ сынап, шығармашылық шеберліктерін шыңдады. Жылдың жарқын шараларының біріне айналған фестиваль жас таланттарға шабыт беріп, жаңа бастамаларға жол ашты. Шара қорытындысында үздік қатысушылар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды.
Нәтиже бойынша, Атыраудағы NIS-тің драма үйірмесі «Мюзикл» бағыты бойынша үздік қойылым иесі деп танылып, гран-при иеленді.
Оқушылар ұсынған қойылымның аты да тақырыпқа сай «Менің арманым» деп аталады. Қойылымда мектептегі көлеңке театры мен драма үйірмесі ерекше үйлесім тауып, фестиваль шартына сай тақырыпты толықтай аша білді. Яғни, көрініс мазмұны бойынша кейіпкер оқушы бала кезінен зияткер болуды армандап, сол жолға түбегейлі мойын бұруға бел шешіп, көлеңке театры арқылы ғылым ғажайыптарына саяхаттайды.
Бастан-аяқ даяр болуына бірер ай уақыт жұмсалған сәтті көрініс туралы толығырақ драма үйірмесінің жетекшісі Арман Нығмановтан сұрадық:
– Бұл тек қана драма үйірмесінің емес, мектебіміздегі тәрбие бөлімінің, соның ішінде қосымша білім үйірмелері ұстаздарының коллаборациялық еңбегінің жемісі дер едім. Бізде талантты оқушылар өте көп. Олардың шырағын жағу біздің ұстаз ретіндегі басты міндетіміз. Сахна арқылы ғылым мен білімнің маңызын көрсете отырып, оқушының әрі өнерге деген, әрі білімге деген құштарлығын, құлшынысын арттыруды мақсат еттік, – дейді Арман ұстаз.
Айта кетейік, мектепте драма үйірмесінің құрылғанына – 11 жыл. Осы уақыт аралығында үйірме қоржыны түрлі жетістіктермен толығып үлгерді.
Сондай-ақ, «Графика» бағыты бойынша бақ сынаған оқушымыз Иман Курбанова «Үздік көрнекі эффектілер» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Жеңімпаз шәкірттерді құттықтай отырып, Атырауда асыға күтеміз!
Атыраудағы NIS қойылымы арт-фестивальдің бас бәйгесін иеленді
- Информация о материале
- Автор: Дендер
- Категория: Мәдениет
- Read Time: 1 min
- 171