Атырауда Жұмекен Нәжімеденовке ескерткіш-бюст қойылды

Атырау қаласында көрнекті ақын, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Әнұран авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің туғанына 85 жыл толуына орай жаңа еңселі ескерткіш-бюст бой көтерді.

Ж.Нәжімеденов атындағы №2 орта мектептің алдына орнатылған ескерткіш-бюстінің салтанатты ашылу рәсіміне бір топ зиялы қауым өкілі қатысты. Ақын ескерткішінің ақ жамылғысын түсіру құрметі салтанатты шараның арнайы қонақтары, елімізге белгілі тұлғалар – Ғарифолла Есім, Әйкен Жұмекенқызы, Марат Азбанбаев пен Сәрсенбай Еңсегеновке жолданды.

byust

Жалпы, ескерткіш-бюстті ашу бастамасы Мемлекет және қоғам қайраткері Сәрсенбай Еңсегеновтің қолдауымен жүзеге асты. Ал, авторы – белгілі мүсінші Серік Мәтениязов.

– Жалпы, Жұмекен Нәжімеденовтың келбетін сомдауда өзіндік қиындықтарға тап болғанымыз бар. Оның фотосуреттері көп болғанымен, бет пішінін нақты көрсететін сапалы фотолары көпке дейін табыла қоймады. Кинопленкаға түскен сюжеттер бар деп естідік, бірақ, оларды қолға түсіре алмадық. Айналып келгенде, оның үлкен қызы Айкенмен хабарласып, тәуір деген фотоларын таптық. Ақынның інілері де образын сомдауда көп көмектесті,- деді Серік Мәтениязов.

anuran

Шарада сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшы Ақылбек Рысқалиев ескерткіштің мән-маңызына тоқталды.

-Кеңестік үкімет 1956 жылы ұлан байтақ қазақ жерінің солтүстік аймағындағы Ақмола, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Қарағанды облыстарын Қазақ республикасы құрамынан бөлуге әрекеттенді. Осы кезде Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов қазақ жастарының ойы мен бойын кернеген «туған жерді талауға бермейміз» деген өр рухын сөз бен сазға сыйғыза білді. Өнердің өміршеңдігі оның өзектілігінде екенін уақыт көрсетіп отыр. Осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын дүниеге келген әннің кейін Әнұранға айналуы соның дәлелі. Ал, оның авторларының арасында Жұмекен атамыздың болуы – біз үшін зор мақтаныш. Ендеше, қуаныш құтты болсын! – деді ол.

zhumeken

Сондай-ақ, ақын Ақұштап Бақтыгереева, Қадыр Жүсіп және басқа да ел ардақтылары өздерінің жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі зиялы қауым өкілдері Салтанат сарайы алдындағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

ATPress.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521