2025 жылғы 27 маусымда Атырау қаласында, Жайық өзенінің жағалауында ашық аспан астында ерекше мәдени шара — «Жүрегім, ән деп соғады» ретро-фестивалі өтті. Фестиваль «Тең қоғам» әлеуметтік жобасының қатысушыларының ұйымдастыруымен өткізілді.
Шараның мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар адамдардың шығармашылық әлеуетін қолдау, олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына ықпал ету және инклюзивті ортаны қалыптастыру.
Фестиваль аясында жоба қатысушылары танымал ретро әндерді орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Кеш қонақтары гүл шоқтарын тарту етіп, өз қолдауы мен алғысын білдірді. Шараның атмосферасы музыкаға, биге, мейірімділік пен өзара түсіністікке толы болды.
Жобаның үйлестірушісі — Джамалова Г. Д. Оның бастамасымен фестиваль ерекше адамдардың мүмкіндіктері мен таланттарын көрсеткен, олардың қоғамның мәдени өміріне қатысуының маңыздылығын айқындаған маңызды оқиғаға айналды.
Атырау қ., 2025 жылғы 27 маусым