Есбол мәдениет үйі жанынан құрылған «Шашу» үлгілі би ансамблі Алматы қаласында өткен халықаралық «Dance Forever» байқау фестивалінде жеңімпаз атанды. Дәлірек айтқанда, ансамбльдің орта тобы VIP Гран При, ал, үлкен тобы Гран При иеленді.
Аталған фестивальге Алматы, Екібастұз, Теміртау, Орал, Бішкек қалаларынан келген 25 ансамбль қатысты.
– «Шашу» үлгілі би ансамблі құрылған кезден бері менің би өнеріне деген қызығушылығым артты. Содан бастап мен де 7 жасымда осы құрамның бір мүшесі атандым. Әсел апайымызбен бірге көптеген конкурстарға бардық. Әркез жеңіспен ораламыз. Кешегі өткен байқаудан алған әсеріміз ерекше. Алматы, Шымкент сияқты үлкен қаламен таныстық. Уақытымыз көңілді өтті. Басқа елден келген бишілердің өнерін тамашаладық, - дейді ансамбль мүшесі Ақзира Қуанышқали.
Ал, Шымкент қаласындағы Түркістан сарайында өткен "Шуақты қызғалдақтар" би конкурс-фестивалінде Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Қазақстанның барлық қалаларынан барлығы 141 ансамбль бақ сынаған би жарысында ансамбльдің орта тобы І дәрежелі лауреат, үлкен тобы І дәрежелі дипломант атанды.
Сонымен қатар, ансамбльдің жетекшісі Әсел Омар «Қазақ биінің ұлттық дәстүрін сақтағаны үшін» номинациясына ие болып, арнайы статуэтканы еншіледі.
– Аталған байқаулар өткізілетіндігі туралы білгеннен бастап, ұжыммен күні-түні дайындалдық. Шыны керек, «Шуақты қызғалдақтар» байқауына ең үздік деген би ұжымдары қатысады. Орын алғанымызға, дайындалған еңбегіміздің ақталғанына қатты қуандым. Ата-аналарымыз да түсіністік танытып, үнемі қолдап отырады. Оларға ерекше алғыс айтқым келеді, - деді ансамбль жетекшісі Әсел Омар.
Жадыра НАРИМАНОВА