Көктемнің алғашқы күні-ақ аталып өтілетін Алғыс айту күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Алғыс айту – асыл қасиет» тақырыбында салтанатты шара ұйымдастырылды. Мәртебелі шараға жиналған қауымды аудан әкімінің орынбасары Әсет Оразғалиев құттықтады.
–Алғыс айту күні – күрделі кезеңді бірге еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен барлық азаматтардың бір-біріне қолдауы, тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихына, қайырымдылық дәстүрлеріне, берекесі мен бірлігіне құрмет көрсету күні.
Татулығы тұрақты ауданда ұлттар арасындағы бірліктің бекем екені баршаңызға мәлім. Ауданда 20-дан астам түрлі этнос өкілі тату-тәтті өмір кешуде.
Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық-біздің баға жетпес байлығымыз. Сондықтан қазақ даласын мекен еткен барша ұлт өкілдері үшін татулық бәрінен де қымбат.
Халқымыздың мерейі үстем болып, ынтымақ-бірлігі арта берсін,–деді өз құттықтауында Әсет Самарқанұлы.
Шарада аудандағы түрлі салада еңбек ететін өзге ұлт өкілдерінің бейнеүндеу арқылы жолдаған құттықтаулары әсерлі шықты. Солай болатын жөні бар. Түтіні түзу ұшқан елдің бағы мен бақытына ортақтаса білген олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Би өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген «Бойтұмар», «Әсем-ай» бишілер тобымен Нағим Сатимов, Тимур Нұрмағанбетов, Олжас Аққалиев, Мұратбек Жұмашев, Жеткіншек Бакешов, Әлия Кенжеахметова сынды тағы басқа да өнерпаздар мен балалар өнер мектебі өрендерінің өнеріне көрермендер ықыластана қол соқты.
С.КӨШЕКОВ