Осындай тақырыппен аудандық көп бейінді ауыл шаруашылық колледжінде облыстық әдістемелік семинар өтті.
Семинардың бірінші бөлімі «Салт-дәстүр – ұлттық құндылық» атты көрмені тамашалаумен басталды. Онда әрбір студент ұлттық қолөнер бұйымдардың тарихын кеңінен таныстырды.
«Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы» десек, семинардың екінші бөлімі колледж психологі Гүлфайруз Дүйсешқызының отбасы Отанның бір бөлшегі екенін ұғындыру, студенттердің бақытты жанұяға деген қызығушылығын арттыру және жанұядағы татулық пен ұйымшылдыққа негізделген «Ақбаян» қыздар клубымен біріккен психологиялық тренингімен ашылды.
Одан әрмен кеш отбасы мен ата-ананың қадірін ұғыну мақсатындағы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен дайындалған қойылыммен жалғасты. Содан соң сахна төріне колледждің аталар комитетінің мүшесі, аудандық ата-аналар ұйымының және әкелер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Өтепқалидың отбасы шақырылды. Ол ата-бабаларымыздан қалған ұлттық мұраларды ұрпақ санасына сіңіру бағытында және ұрпағымызды саналы, ұлтжанды етіп тәрбиелеу үшін отбасында тәрбие қандай болу керек секілді сұрақтарға жауап берсе, отанасы Жайнагүл Жұматқызы ұмытылып бара жатқан «Үлпершек» тағамының жасалуын, ұлы Хамидолла мен қызы Үміт өздерінің дайындаған ұлттық қолөнер бұйымдарын әкеліп таныстырды.
Ұлттық құндылықтарды отбасында жаңғырту, сапасын сақтап, салмағын жоймау жолдарын қойылым мен сұхбат арқылы көрсетілген семинар соңында кеш қонақтары аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Артур Мурзин, аудандық оқушылар шығармашылығы орталығының директоры Есенғали Құлшығаев пен аудандық өнер мектебінің директоры Ералы Сахипов айтулы кештің үлкен ұйымшылдықпен ұйымдастырылғанын ерекше атап өтіп, ата мен әженің, әке мен ананың балаға деген іңкәр мейірімін жеткізді. Ал облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Зина Ізтелеуова семинардың негізгі мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен облыстық білім беру басқармасының жоспарындағы көркем эстетикалық бағытындағы жоба бойынша жүргізіліп жатырғанын атап өтіп, облыс көлеміндегі колледж арасында бұл әдістемелік семинардың соңғы нүктесі біздің ауданда қойылып отырғанын сөз етті.
Колледж директоры Бақытжан Құнас келген қонақтарға ризашылығын білдірген семинар соңы колледж студенті Ануар Маратовтың орындауындағы «Әке-ана» әнімен аяқталды.
Диас АЙБАРОВ