Күннің күрт жылынуынан қардың еруі, жауын-шашын, суды желмен айдаған және кептелу кезінде өзендердегі, көлдердегі су деңгейінің көтерілуі су тасқынына алып келуі мүмкін.
Осыған байланысты су жолымен қандай жұқпалы және жұқпалы емес аурулар беріледі деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас.
Су тасқыны кезінде жұқпалы ауруларды тудыратын қолайсыз эпидемиологиялық жағдайлар дамуы мүмкін.
Су жолымен: гепатиттер, тырысқақ, іш сүзегі, паратифтер, дизентерия, лептоспироз, туляремия (ауыз судың кеміргіштердің бөлінділерімен ластануы), құрттар, бруцеллез, сальмонеллез беріледі.
Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде ішек вирустарының тобы, соның ішінде энтеровирустар, гепатит-А және басқалары жиі кездеседі. Өзендерден, ұсақ көлдерден су тасып, жаңбыр суларымен араласқан кезде еріген су түзіліп, бұл құдықтар мен лас қалдықтар үшін қазылған шұңқырлар, шаруашылық аулалар, дәретханалардағы сулардың жаппай ластануына әкеліп соғады.
Су тасқынының тағы бір проблемасы - кеміргіштер, көптеген аурулардың қоздырғыштары. Олар тұрғын үйлер мен ғимараттарға еніп, адамның жұқпалы және паразиттік аурулармен ауыру қаупіне ықпал етуі мүмкін.
Атырау облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті су тасқыны кезінде түрлі аурулардың алдын алу үшін тұрғындардың келесі қарапайым және тиімді ережелерді сақтауы қажеттігін ескертеді:
- Ішуге тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану.
- Азық-түлікті сақтау және дайындау ережелерін сақтау.
- Тамаққа термиялық өңдеуден өткен азық-түлік өнімдерін қолдану.
- Жеке гигиена ережелерін сақтау, оның ішінде жас балаларға күтім жасау кезінде.
- Көкөністер мен жемістерді қайнаған сумен өңдеу, ағынды сумен мұқият жуу.
- Тұрғын үй-жайларды және үйдің жанындағы аумақты таза ұстау.
Жедел инфекциялық ауру белгілері: дене қызуының көтерілуі, құсу, іштің өтуі және т.б. пайда болған жағдайда дереу жергілікті медициналық ұйымнан медициналық көмекке жүгініңіз!
Гигиеналық ережелерді сақтау, Сізді көптеген аурулардан қорғайды!
Әлия Бекешева,
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушысы