Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Атырау облысында болған іссапарында аудандағы Есбол ауылдық дәрігерлік амбулаторияда болып, қызметімен танысты.Министр А.Ғиният Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақтағы негізгі мәселе медицина мамандарының тапшылығына түсінік берген болатын.
Министрдің пікірінше, кадрлар мәселесі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін негізгі рөл атқарады. Бүгінде облыс бойынша дәрігер тапшылығы – 201 штатты құрайды. 2020 жылы жоғары оқу орындарынан 70-тен астам дәрігер, 2021 жылы 65 дәрігер келсе, биыл 52 дәрігер келуі көзделіп отыр екен.
Аудандық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаеваның айтуынша, министр А.Ғиният ауданға келген сапарында Есбол дәрігерлік амбулаториясының ғимараты мен дәрігер мамандармен қамту мәселесін шешу жолдарына назар аударған екен.
-Есболдағы 1981 жылы салынған амбулаторияның ғимараты ескіріп тұр. Жаңадан типтік жобада ғимарат салуды қажет ететіндіктен жоспарға енгізілмек. Әрі мұнда тиісті талапқа сәйкес 3 дәрігермен қамтылу керек болса, қазір бір ғана дәрігер қызмет етеді. Яғни дәрігер жетіспей отырғандықтан бүгінде Қожа Ахмет Яссауи атындағы университеттің медицина факультетімен келіссөздер жүргізілуде. Жалпы аудан бойынша 8 дәрігер маман қажет етеді, - деді аудандық аурухананың бас дәрігері Анар Доспаева сөзге тартқанымызда.
С.САНСЫЗБАЙҰЛЫ