Құс тұмауы – құстарға тұмау вирустары арқылы жұғатын өткір жұқпалы ауру.
Құс тұмауының 15 түрі белгілі, олардың арасында Н5 және Н7 вирусының штамдары жоғары патогенділігімен ерекшеленеді. Құс тұмауының көптеген вирустары адамдарға жұқпайды.
Қоныс аударатын құстар, оның ішінде ең алдымен суда жүзетін – үйректер құс тұмауының табиғи резервуары бола алады. Жабайы құстарда вирусқа табиғи төзімділігі болғандықтан сирек ауырады, бірақ алыс қашықтықтарға ұша отырып, тұмау вирусын таратады.
Құс тұмауы жабайы құстар арасында эпидемия туғызбайды және оларда симптомсыз жүреді, ал үй құстарына жұқтырған кезде ауыр сырқатқа немесе өлімге әкелуі мүмкін.
Суда жүзетін құстарда вирус ішегінде болып, қоршаған ортаға сілекей, тыныс алу және нәжіс бөлінділерімен бірге шығарады. Берілу жолы анағұрлым көп таралғаны – фекальды-оральды.
Вирус құс саңғырықтарында салқын күндері бір айдан аса, ыстық күндері бір апта аралығында сақталады. Тірі қалған құстар вирусты 10 күн оральды және нәжістерімен сыртқы ортаға бөле алады.
Адам тірі немесе өлі ауру жұқтырған үй құстарымен және олардың сыртқы ортаға бөлінген бөлінділерімен тікелей немесе жанама байланыста бола отырып, құс тұмауын жұқтырады. Ауру жұқтырған құстарды сою, жүндерін жұлу және ұшаларын өңдеу, жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген құс етін, жұмыртқаны тамаққа пайдалану да қауіп факторлары болып табылады.
Құс тұмауының инкубациялық кезеңі әдеттегі тұмауға қарағанда ұзағырақ: 2-8 күннен 17 күнге дейін созылады (әдеттегі тұмауда 2-3 күн).
Бастапқыда жоғары температура, әдетте 38оС-тан жоғары және тұмауға ұқсас белгілер болады. Кейбір жұқтырған адамдарда бастапқы белгілерінде бұлшықет ауруы, тамақ ауруы, мұрыннан көп су ағу, құсу, ентігу, дауыстың өзгеруі, қанды қақырықты ылғалды жөтел пайда болған. Көп жағдайда ауру пневмонияның ауыр түрімен асқынуына әкеледі (өкпенің қабынуы).
Құс тұмауының ерекшелігі - инфекция адамдарға тек құстардан жұғады.
Құс тұмауының алдын алу үшін келесі шараларды сақтау қажет, атап айтқанда:
- ауру немесе өлген құстармен байланыс жасамау, әсіресе балаларға;
- құстардың етін және жұмыртқасын шикілей тамаққа қолданбау;
- құс өнімдерін мұқият термиялық өңдеуден өткізу;
- шикі құс етін бұтарлағаннан және шикі жұмыртқаларды ұстағаннан кейін мұқият қолды жуу;
- үй құстарына күтім жасағанда жеке гигиенаны сақтап, жеке қорғаныш құралдарын пайдалана отырып, қолды жиі жуу;
- аумақтарда жабайы құстарды аулау кещінде жабайы және үй құстарының жаппай өлімі анықталған жағдайда ветеринариялық маманға хабарлау қажет.
Құстарда ауру басталмастан 7 күн бұрын байланыста болған адам тез арада жергілікті емдеу мекемелеріне көмекке жүгінуі керек.
Қадыржан Мақсотұлы,
Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары