Жоғары санатты дәрігер-пульмонолог Саттар Ералиев қазақстандықтарды коронавирус инфекциясына қарсы вакцинацияға белсенді қатысуға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Пульмонологтың айтуынша, вакцинация – коронавирус ифекциясын жеңудің жалғыз жолы.
«Вакцинация - көптеген инфекциялық ауруларды жеңді. Бұл ғылыми дәлелденген дүние. Қазір КВИ-ге қарсы дәрі жоқ. Тіпті, болмауы да мүмкін. Бұл әлімдік медицина тарихында бар дүние. Мысалы, шешек ауруына дәрі табылған жоқ. Осы ауруға байланысты кезінде қаншама пандемиялар болды. Жер шарында мыңдаған адам көз жұмды. Шешектi тек вакцинациялау аркылы жеңдiк. Сондықтан, вакцинация – коронавирус ифекциясын жеңудің жалғыз жолы. Негізі, аурумен адамның ағзасы күреседі. Біз беріп жатқан дәрі-дәрмектер ауруға төтеп беру үшін адам ағзасының қорғанысына сеп болады. Мысалы, оттегі жетпей жатса, оттегін береміз, қан қоюланса, соны сұйылтатын дәрі береміз. Яғни, симптоматиялық ем жүргіземіз. Жалпы, біз зақымданған ағзаның қызметін қалпына келтіруге тырысамыз», - деді ол.
Сонымен қатар, ол Қазақстанда жаппай вакцинация басталған кезде адамдарды белсенді түрде қатысуға шақырды.
inform.kz