Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы несімен қауіпті?

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – ауыр интоксикациямен, айқын геморрагиялық синдроммен сипатталатын және иксодты кенелердің шағуы арқылы берілетін табиғи-ошақты трансмиссивті ауру. Латын тілінен аударғанда «геморрагия» қансырау деген мағынаны білдіреді. Аурудың қоздырғышы – арбовирус. Ол төмен температураға төзімді, бірақ қайнатқан кезде тез өледі.

        

         Инфекцияның негізгі көзі – иксодты кенелер, олар вирусты трансмиссивті жолмен таратады және вирустың сақтаушылары мен аурудың тасымалдаушылары болып табылады.

         Вирустың уақытша резервуары – бұл ауылшаруашылық жануарлары (ірі мүйізді мал,қой, ешкі), табиғи биотопта – қояндар, кірпілер, құстар.

        Адам ауруды зақымдалған кенелер шаққан, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде кенелердің ішіндегісінің дененің ашық бөліктеріне түсуі нәтижесінде, науқастарды күткенде және оларға медициналық көмек көрсеткенде жұқтырады. Зертханалық жағдайда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының қоздырғышымен жұмыс жасағанда тамшылы-респираторлық жолмен жұқтыруы мүмкін.

Аурудың жасырын кезеңі 2 күннен 14 күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел, кейде кенеттен болады. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының негізгі белгілеріне теріге қан құйылу, қызыл иек, мұрын, құлақ, жатыр, асқазан-ішек қан кетулері тән және дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда науқастың өміріне қауіп төндіреді.

Кенелер ерте көктем мен жазда адамдарға және жануарларға шабуыл жасайды.

         Кенелер физиологиялық ерекшеліктеріне байланысты  денеге бірден жабыспайды, сондықтан оны дер кезінде алып тастау жұқпаны жұқтыруды алдын алады. Кенені алып тастау үшін шұғыл түрде емдеу мекемесіне (травматологиялық пункт) жүгіну қажет. Жалаң қолмен кенені алуға және жаншуға болмайды. Егер кене денеге қадалып үлгерген болса, онда оны қолмен ажыратпау керек.  Денеге қадалған кенені  пинцет қолдана отырып,    теріге қадалған тұмсығын қалдырмауға тырысып, сағат тілімен ақырын шығарып  алу қажет.  Бұл  қолға қолғаптар кию арқылы жүргізілуі тиіс. 

        Кенені алып шыққан соң қолды сабындап жуып, ал шаққан жерді йодпен залалсыздандырады.

        Кенелермен кез-келген байланыста болған әрбір адам жедел түрде тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне хабарласып, 14 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы керек. Медициналық бақылау КҚГҚ науқастарды ерте анықтау және жұқпаның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында жүзеге асырылады.

         Әрбір адам өзін кене шағудан қорғау үшін келесі ережелерді сақтауы, атап айтқанда:

- кенелердің киім ішіне, терінің ашық жерлеріне ену мүмкіндігін азайтатындай киіну;

  • жабысқан кенелерді анықтау үшін өзіне және бір-біріне жиі (әрбір 10-15 минут сайын) бақылау жүргізу;
  • тікелей шөпке отырмау және жатпау;
  • табиғат аясынан оралғаннан кейін киімді және денені толықтай қарап шығу;
  • кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғын жай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған гүлдерді және сырт киімдерді кіргізбеу;
  • үй жануарларынан кенелерді жинаған кезде қолғап кию;
  • кенелерді жасқандыратын арнайы дәрі-дәрмектерді пайдалану;
  • денеден кенені байқаған кезде, дереу емдеу мекемесіне жүгіну;
  • кенені алып тастағаннан кейін 14 күн ішінде өз денсаулығын жіті бақылып, нашар сезінген жағдайда дәрігерге қаралу қажет.

Осы  қарапайым ережелерді орындай отырып, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын  жұқтыру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болатыны есіңізде ұстаңыз.

Қадыржан Мақсотұлы,

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті  басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT