Кеміргіштер мен жәндіктерден келер қауіп көп

 

Кеміргіштер, жәндіктер – аса қауіпті инфекциялардың жұқтыру көздері, тасымалдаушылары

Кеміргіштер мен қансорғыш жәндіктер жер шарында кең таралған.       Олардың оба, қырым геморрагиялық қызбасы, туляремия, листериоз, лептоспироз, кене энцефалиті, бөртпе сүзек және басқа да қауіпті жұқпалы ауруларды таратудағы рөлі белгілі. Табиғатта кеміргіштер мен қансорғыш жәндіктердің ағзасында жұқпалы инфекциялық аурулардың қоздырғыштары болжамсыз ұзақ мерзімге дейін болады.

Кеміргіштер адам үшін көптеген қауіпті аурулардың негізгі тасымалдаушысы және көзі болып табылады.

  Адам егістіктерде ауру кеміргіштермен байланыста жұмыс жасаған кезде,  ластанған су айдындарында шомылғанда, суды тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланғанда, қоянның, ондатраның және басқа кеміргіштердің терісін алған кезде, олардың етін пайдаланған жағдайда, қансорғыш жәндіктер шаққанда жұқтырады.

         Жайылымдарда ауылшаруашылық малдары кеміргіштермен байланыс жасайды. Ауа-райының суықтауымен кеміргіштер елді мекендерге көше отырып,  мал қожалықтарына, қоймаларға, сарайларға, үймелерге, тұрғын үйлерге қоныстанады. Күн жылынғаннан кейін олар қайтадан жайылымға көшеді. Барлық кеміргіштер негізінен шөпқоректілер, кейбіреулері жануарлардың азығын да жейді. Сондықтан кеміргіштердің келтіретін экономикалық зияны үлкен болып келеді.

 Аса қауіпті инфекциялардың тасымалдаушылары – кенелер, масалар, соналар, бүргелер және биттер. Ауру кеміргіштердің қанын сорған кезде қанмен бірге инфекциялық аурулардың қоздырғыштарын алып,  кейіннен қан сорумен адамдар және ауылшаруашылық малдары арасында  аурудың кең таралуына әкеледі.

  Иксодты кенелер аса ауыр  ауруларды – кене энцефалитін, сонымен қатар геморрагиялық қызбаларды, адам мен ауылшаруашылығы малдарының бірқатар басқа ауруларын таратады. Олар көктемде және ерте жазда адамдар мен жануарларға шабуыл жасайды.

         Бүргелер  - қансоғыш жәндіктердің маңызды топтарының бірі. Басқа қансорғыш буынаяқтылар сияқты бүргелер де адам және жануарлар ауруларының биологиялық тасымалдаушысы болып табылады,олардың ішінде оба бірінші кезектегі маңызға ие.

 Аса қауіпті инфекциялар клиникалық ағымының ауырлығымен, жоғары өлім-жітіммен, мүгедектікпен, емдеудің және індетке қарсы шараларды жүргізуде кететін шығындар құнының жоғары болуымен ерекшеленеді. Аса қауіпті инфекциялармен күресудің негізгі міндеті кеміргіштерде эпизоотиялардың (аурулардың) пайда болу және таралу мүмкіндігін болдырмау болып табылады.

 

 Қадыржан Мақсотұлы,

Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT