АСТАНА. KAZINFORM - Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тапсырмалары аясында тұрақты өсімді қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, сондай-ақ инвестициялық тартымдылықты арттыруға бағытталған экономиканы дамыту жөніндегі шаралар кешенін жүзеге асыруда.
2025 жылдың тоғыз айында ел экономикасының өсуі 6,3%-ды құрады. Бүгінде көлік, құрылыс, сауда және өнеркәсіп салалары экономиканың қозғаушы күшіне айналып отыр.
Макроэкономика және қаржылық тұрақтылық
Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсуі 6,3%-ға жетті, бұл жыл басындағы көрсеткіштен 2,3 пайыздық тармаққа жоғары. Өсу қарқыны қаңтардан қыркүйекке дейін жеделдеді: қаңтарда – 3,8%, қаңтар-ақпанда – 5,4%, қаңтар-наурызда – 5,6%, қаңтар-сәуірде – 6%, қаңтар-мамырда – 6%, қаңтар-маусымда – 6,3%, қаңтар-шілдеде – 6,3% және қаңтар-тамызда 6,5% болды.
Бұл өсу қарқыны экономиканы әртараптандыру және салаларды теңгерімді дамыту есебінен жүзеге асырылуда. Өсімнің негізгі драйверлері көлік және қоймалау қызметтері (+21,2%), құрылыс (+14,9%), сауда (+8,8%), тау-кен (+9,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+6,2%) болды.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің өсуі орта және ұзақмерзімді тұрақты даму үшін берік негіз қалыптастырып отыр.
Биылғы қаңтар-қыркүйек аралығында инвестициялар жылдық мәнде 13,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібіне 30,7%-ға ұлғайды.
Инвестициялардың жандануы іскерлік белсенділіктің өсуімен, екінші деңгейлі банктердің бизнеске несие беру көлемінің ұлғаюымен, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды, сондай-ақ «Тарифті инвестицияға айырбастау» және «Келешек мектептері» бағдарламаларын жүзеге асырумен байланысты.
Кәсіпкерлікті дамыту және инвестициялар
Елімізде жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының саны артып келеді. 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 2 174 309 кәсіпорын тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен (2 043 760) салыстырғанда 6,4%-ға артық.
ШОБ-тың экономикадағы үлесі 38,6%-ға дейін (+0,9 пайыздық тармақ) өсті, ал өнім шығару көлемі 11,4%-ға ұлғайып, 18,7 трлн теңгені құрады.
Бизнес ахуалды жақсарту
2024 жылғы қабылданған бизнес жүргізу мәселелері жөніндегі заңның арқасында бизнесті тексеру азайып келеді. Жаңа тәсіл бойынша қадағалау жүйесі тексеруден профилактикалық шараларға көшу тұрғысында қайта қаралды.
Бас прокуратураның деректеріне сәйкес, 2024 жылы 53 320 кәсіпкер тексерілген, бұл мораторийға дейінгі 2019 жылмен (126 561) салыстырғанда 42,1%-ға төмен.
Мұндай үрдіс 2025 жылы да жалғасуда. Осы жылғы 6 айда тексерулер саны 1,9%-ға азайып, 46 375-ті құрады, бұл 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 73,8%-ға аз.
Сондай-ақ бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптың күші жойылды, ал «1 in 2 out» қағидаты (қолданыстағы екі реттеу тетігін алып тастап, жаңадан бір талап енгізу) реттеу жүктемесін арттырмауға мүмкіндік берді.
Жыл соңына дейін рұқсат алу үшін қойылатын біліктілік талаптарын қайта қарау жоспарланып отыр, сондай-ақ оларды алу мерзімдері оңтайландырылады.
Бизнес пен мемлекеттің өзара тиімді іс-қимыл жасауы үшін «Менің бизнесім» атты жеке кабинет функционалы бар «eGov Business» мобилді қосымшасы іске қосылды.Ол арқылы 30-дан астам мемлекеттік қызметке оңай қол жеткізуге болады, олар – кәсіпорынды тіркеу, салық күнтізбесі, сертификат алу және цифрлық құжаттарға қол қою және тағы басқалар.
Бизнесті мемлекеттік қолдау
2024 жылдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен қаржыландыру шараларымен жалпы сомасы 1,3 трлн теңгеге жуық 26 мыңнан астам бизнес жоба қамтылды.
2025 жылы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кредиттерін субсидиялауды қарастыратын жеңілдікпен несие берудің жаңа тетігі бекітілді. Субсидияланатын кредит сомасы 200 млн теңгеден аспайды, сыйақы мөлшерлемесі – 12,3%, кредит беру мерзімі – 3 жылға дейін.
Жеңілдікпен кредит беретін жаңа «Өрлеу» бағдарламасы іске қосылды, оның аясында кәсіпкерлер 10 жылға дейінгі мерзімге 12,6% мөлшерлемесі бойынша 7 млрд теңгеге дейін кредит ала алады. Бүгінде 392 млрд теңгеге кәсіпкерлік субъектілерінің 1 095 жобасы қаржыландырылды.
«Даму» қорының базасында екі кепілдік беру қоры құрылды.
1-ші кепілдік беру қоры шеңберінде құны 281 млрд теңге болатын 1 618 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде кепілдіктер сомасы 154,4 млрд теңгені құрады.
2-ші кепілдік беру қоры бойынша құны 7,1 млрд теңге болатын 1 жобаға қолдау көрсетілсе, оның ішінде кепілдіктер сомасы 2,8 млрд теңгені құрады.
100-ден астам қаржылық және қаржылық емес шараларды қамтитын Бірыңғай өзекті тізілім жасалды. Оның тиімділігіне мониторинг жасау үшін «Baqylauda» жүйесі енгізілді, ол ашықтық пен бағдарламаның орындалуын қадағалауға мүмкіндік береді.
Мемлекет үлесін төмендету және бәсекелестікті дамыту
Биылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 922,1 млрд теңге сомасындағы 396 мемлекеттік нысан бәсекелес ортаға берілді, 69 нысан қайта ұйымдастыруға немесе таратуға жіберілді.
Ірі мемлекеттік компаниялар IPO/SPO-ға шығарылды:
«Қазмұнайгаз» АҚ – 153,9 млрд тенгеге,
«KEGOC» АҚ – 22,6 млрд тенгеге,
«Эйр Астана» АҚ – 10,6 млрд тенгеге.
Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия 3 трлн теңгеден астам баланстық құны бар 400-ден аса компанияны оңтайландыруды қолдады.
2026-2030 жылдары үш кезеңді оңтайландыру жоспарлануда:
1 кезең (2026) – 200-ге жуық нысан;
2 кезең (2027-2028) – 100-ден астам компания;
3-кезең (2029-2030) – 60-қа жуық компания, негізінен жылу және энергетика саласында.
Басты мақсат – мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға беру, экономиканың тиімділігін арттыру және жеке бизнесті дамыту үшін жағдай жасау. Сонымен қатар бәсекелес салалардағы мемлекеттік кәсіпорындар санының қайтадан өсуіне жол бермеу үшін нормативтік шарттар пысықталуда. Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуына негіз болатын тұстар қысқартылуда.
Экономиканы демонополизациялау
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмыс істейді. Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде бұрын жеке құрылымдар бақылайтын активтер мен қаражат мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Атап айтқанда, республикалық және коммуналдық меншікке 17 АҚ мен ЖШС-нің акциялар пакеттері мен оларға қатысу үлестері, Шығыс Қазақстан облысындағы мүліктік кешен, 7 ғимарат, 162 теміржол мен құрылыс нысандары, 7 автомобиль және өзге де (2 мыңнан астам бірлік) мүліктер берілді.
Бұдан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына 1 млрд теңге аударылды. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына $100 млн және 1,49 млрд теңге берілді.
Мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң қолданысқа енгізілді.
Ол сатып алынатын тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға, рәсімдердің мерзімін қысқартуға және ашықтықты арттыруға бағытталған.Сатып алуды өткізу мерзімі үш есеге 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Қоғамдық мониторинг жүргізіледі, жеткізушілердің жауапкершілігі күшейтілді.
«Кілтімен тапсырғанға дейін» тетігі енгізілді, қосалқы мердігерге берілетін жұмыстар көлемі 30%-ға дейін қысқартылды.
Мөлшері аз сатып алуды жүзеге асыру мақсатында 100 АЕК-ке дейінгі тауарларды, 500 АЕК-ке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін бір көзден сатып алу шегі 3 мың АЕК-тен 4 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2019 жылдан бері бір көзден мемлекеттік сатып алу көлемі 34%-дан 26%-ға дейін төмендеді.
«Электрондық қаржы орталығы» АҚ-ның базасында қолданыстағы сатып алу алаңдарын (goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz) интеграциялау арқылы Бірыңғай сатып алу платформасы құрылды.
2025 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу көлемі 9,4 трлн теңгені, отандық тауар өндірушілермен жасалған шарттар саны – 140 712 бірлікті, сомасы – 399,86 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда (жалпы сомасы 202,5 млрд теңгеге 109 909 шарт) айтарлықтай жоғары.
Инвестициялық саясат
https://kaz.inform.kz/news/biilgi-9-ayda-el-ekonomikasinin-osm-63-di-kuradi-8fd032/
Қазақстан 2029 жылға қарай ЖІӨ деңгейін $450 млрд-қа дейін екі есе өсіруді және кемінде $150 млрд көлемінде инвестиция тартуды мақсат етіп отыр.
Осы мақсатта бизнестің біртұтас экожүйесін қалыптастыратын Инвестициялық саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы жаңартылды. Инвестициялық штаб құрылды, ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды.
«Инвестицияға тапсырыс беру» қағидаты енгізілді, ол бәсекелестік артықшылықтарды ескере отырып, өңірлік және салалық ұсыныстарды жасақтайды.
Басым салалардағы құны $60 млн-нан асатын инвестициялық жобалар үшін қазақстандық заңнаманың 25 жыл бойы тұрақты болатынына кепілдік беретін инвестициялар туралы келісім жасасу қарастырылған. 2024 жылы осындай 6 келісім, 2025 жылы тағы 21 келісім жасалды.
Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға ерекше көңіл бөлінуде, содай-ақ ағылшын құқығы қағидаты бойынша қызмет ететін, «жасыл» және исламдық қаржы құралдарын қолдайтын «Астана» халықаралық қаржы орталығы да қарқынды дамуда.
Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы
Қазақстан Орталық Азия өңіріндегі жетекші инвестициялық бағыттардың бірі ретіндегі мәртебесін сақтап қала алды. ЮНКТАД деректеріне сәйкес, 2024 жылы теңізге шыға алмайтын елдерге арнап жарияланған 5 greenfield-жобаның төртеуі Қазақстанда жүзеге асты.
Қазақстанға келген тікелей шетелдік инвестиция көлемі $17,2 млрд-ты құрады, 45 жаңа жоба жүзеге асырылып, 6 200 жұмыс орны ашылды.
Инвестицияның негізгі бағыттары:
тау-кен өндіру өнеркәсібі – $6,5 млрд,
өңдеу өнеркәсібі – $2,8 млрд,
сауда – $5,3 млрд,
кәсіби және ғылыми қызмет – $0,9 млрд.
Аса ірі инвесторлар: Ресей ($4,1 млрд), Нидерланды ($3,8 млрд), Оңтүстік Корея ($1,2 млрд), Бельгия ($1,2 млрд) және Қытай ($1,2 млрд).
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны $10,1 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға артық.
Үкімет инвестиция тарту, бизнесті дамыту және экономиканы демонополизация жасау жөніндегі бұл жұмыстарды жалғастыра беретін болады.
Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы 2019 жылдан бері экономикамыз 16% өскені туралы айтқан болатын.

