Бірыңғай энергетикалық жүйе: жаңа жобалардың жүзеге асырылу қарқыны қалай

АСТАНА. KAZINFORM – «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Бірыңғай электр энергетикалық жүйесі аясында іске асырылып жатқан жобаларға түсінік берді.

    - KEGOC акционерлік қоғамы жүйелік оператор ретінде Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп отыр. Барлық өндірістік көрсеткіштер тұрақты өсуді байқатты. Бүгінде 35,4 млрд теңге көлемінде инвестиция игерілді. Жоспар бойынша 483 нысанды жөндеу жұмыстары аяқталып, күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындық туралы паспорт алынды. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында KEGOC 2035 жылға дейін генерация объектілерін енгізу жоспарымен толықтай келісілген Ұлттық электр желісін дамытудың стратегиялық бағдарын бекітті. Бұл стратегияға энергожүйенің өткізу қабілетін ұлғайтуға, сонымен қатар жаңартылатын энергия көздерін интеграциялауға бағытталған шамамен 10 жоба кірді. Қазіргі уақытта компания екі ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр, - деді Н. Айтжанов Үкімет отырысында. 

Біріншісі - Қазақстанның Оңтүстік аймағының электр желісін нығайтуға арналған. Бұл жоба Солтүстік-Оңтүстік «Алматы – Жамбыл» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Жоба аясында ұзындығы 475 км болатын 500 кВ желі салынады. Қазіргі кезде жоспар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатыр. Жоба 2027 жылдың ортасында аяқталады.

    - Екінші жоба Батыс Қазақстан электр желісін Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіне қосуға бағытталған. Бұл жоба батыс өңірдің тұтынушыларын электр қуатымен жабдықтаудың сенімділігін арттырады, сонымен қатар Атырау және Ақтөбе облыстарындағы электр станцияларының қуатын ұлғайтады. Жоба аясында ұзындығы 604 км болатын 500 кВ желі салынады. Барлық жұмыс кестеге сәйкес жүріп жатыр, проблемалар жоқ. Жоба 2027 жылы аяқталады, - деді компания басшысы.

Атап өткен жобаларға қоса, 2035 жылға дейінгі жоспарға Астана қаласының сыртқы электрмен желісімен жабдықтау қуатын нығайту жобасы кірді. Бұл жоба қаланың өсіп келе жатқан электр энергиясына деген қажеттігін қамтамасыз етеді. Жоба аясында 2028 жылы қала сыртында 500 кВ цифрлық қосалқы станциясы салынады.

    - Тағы бір ірі перспективалы жобалардың бірі - Солтүстік-Оңтүстік тұрақты желісін салу. Бұл жоба энергетикалық жүйенің транзиттік өткізу қабілетін 2000 МВт-қа арттырады. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Жобаны іске асыру мерзімі - 2029 жыл. Жалпы алғанда, жоспар бойынша 7000 шақырым жаңа электр беру желімі салынбақ. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесін дамытуға, сенімді энергетикалық жүйені құруға және еліміздің маңызды энергетикалық аймақтарын байланыстыруға мүмкіндік береді, - деді Нәби Айтжанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде шетелдік инвестиция есебінен энергия сақтайтын нысандар салынады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT