Індеттен аман қалудың жалғыз жолы - үйде отыру

Құрметті достар, ауылдағы ағайын! Бірнеше күннен бері ауыл жұртының қыдырып, қонақ шақырып, ас беріп жатқаны жайлы хаттарды оқып отырмын. Оқып жаным ауырып отыр. Халық аңғалдығынан, білместіктен, қонақжай, дархандығынан опық жеп қалмаса екен деймін. Бұл вирусқа жәй жеңіл ауру деп қарасаңыз қателесесіз, бұл - індет.

Бір адам бірнеше күнде жалпақ жұртқа жұқтырып орны толмас қайғыға қалдыруы мүмкін. Одан сақтанудың жалғыз жолы үй араламай өз үйіңізде отыру. Бұл тез таралатын жұқпалы ауру. Есігі жабылмайтын, дастарханы жиылмайтын ауыл үшін жалпы қазақ үшін есігін іліп үйге ешкімді жолатпау мәдениетсіздік көрінгенімен қазір жағдай басқа. Шыдай тұрыңыздар. Бір-біріңізді дұрыс түсініңіздер. Жаппай жұға бастаса емдейтін дәрігер, жататын орын, керек жағдайда жасанды жолмен тыныс алуға көмектесетін аппарат жетпей қалуы мүмкін. 

Түсінесіздер ме? Кеше бірнеше мыңдаған шақырымда шетелде жүрген індет елге келді. Бұл ертегі де кино да емес, бұл дәл қазір әлем халқы күресіп жатқан қауіпті індет. Қазір Италия мен Иранда жағдай өте нашар, кеше Италияда бір күнде 700 тарта адам қайтыс болды. Себебі олар басында, ауру саны аз болғанда тыңдамай, сенбей көшеде жүріп жұқтырғандарын білмей қалды. Енді түсінгенде кеш болды, тез тарап кетті. Қазір онда жағдай қиын, дәрігер жетпей, дәрігерлерге жұғып, тыныс алу апараттары жетпей адам қырылып жатыр. Оны таратпаудың жалғыз жолы-үйде отыру. 1 ай шыдасақ тарамағандықтан жойылады. Қиын дүние ме? Әлде ажалмен арпалысқан жақсы ма? Онда да соңы немен бітері ешкімге беймәлім. Қазір таңдау бар.

Ертең тым кеш болуы мүмкін. Ақылға салып, сабырға келіп үйде отырыңыз. Үкімет те, дәрігер де қолынан келгенін жасап жатыр. Үйде отыра тұрмай жаппай таралса сізге ешкім көмектесе алмайды. Туған-туыс, балалар көз алдыңызда, үйдесіздер, біраз мамандық иелері бастарын қатерге тігіп ұйқысыз, күлкісіз жұмыста жүр, олардың да баласы, ата-аналары бар. Олар үйлеріне қорқып кіріп, қорқып шығуы мүмкін, себебі дәрігерлер сырқат жандармен тікелей жұмыс істейді. Біздің ел тез қимылдап барлық тиісті шараны қолға алды. Қалғаны халықтың қолында. Біз саналы азаматтар ретінде бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Көмегіміз -үйде отыру, барлық жүрісті тоқтату.

Интернет ашық тұр, тіл үйреніңіздер, ас пісіру, тоқу-тігу, билеу, жаттығу жасау, осы уақытты тиімді пайдаланып бәрін үйреніп алыңыздар. Өзін-өзі жетілдірумен айналысуға болады. Балаларыңызға ертегі оқыңыздар, олардың армандарын біліңіздер. Болашаққа бірге жоспар құрыңыздар. Біздің күшіміз -бірлікте ғана. Біз бірлесе ғана жеңеміз. Ана саясат, мына саясат деген түрлі әңгімеге сенбеңіз, саясат қазір біреу - халықты аман алып қалу.

Әрқашан амандық болсын!

#бізбіргеміз

#үйдеотырыңыз

Күләш ҚАРАЖАНОВА,

бас дәрігердің орынбасары

Соңғы жаңалықтар

COVID 19

covid

Фотогалерея

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

Бейнебаян

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 775 798 46 24     +7(7122) 45-85-21

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 2018 жылғы
16 мамыр күні тіркеліп, тіркеу туралы 17101-Г куәлігі берілген.

Редакцияның мекен-жайы: Индер ауданы, Индербор кенті, Д.Қонаев-18.

Байланыс телефоны: 8 (712-34) 2-11-80, 2-15-26, 2-11-42 (факс)

Электронды пошта: dender_gz10@mail.ru




Яндекс.Метрика