Қимылсыз адам 40 жасында шал болады

Біз өмір сүру талабымызға сай өте аз дене күшін жұмсайтын болдық.

Ал қозғалыстың жоқтығы жұмыскерлік қабілеттің төмендеуіне, семіздік пен ауруға әкеп соғатыны белгілі болған.

Өмірдің барлық саласын дерлік автоматтандыру адамды қозғалыс белсенділігінен айырып, одан зор жүйке-психологиялық күшті талап етіп отыр.

Тыныш өмір селқостық пен әлсіздікке, жалқаулыққа алып келсе, қозғалыссыз өмір кәрілікті жақындата түседі. Енжарлық нәтижесінде адам организмінің орталық жүйке жүйесі, қан айналымы, тірек-қозғалыс аппараты, ішкі секреция бездері өзгерістерге ұшырайды. Белсенді қызмет етіп тұрған жасушалар майлы және дәнекер тіндермен алмастырылады. Бұл жүрек бұлшық етінің әлсіреуіне алып келеді, жоғары қан қысымына және атеросклерозға бейімділік пайда болады. Енжар, қимылсыз өмір салтын ұстанатын адамдардың қанындағы эритроциттер мөлшері кемиді, сүйектері сынғыш келеді, бұлшықет тіні семеді, май тіні көбейеді, оттегін тиімді қорыту қабілеті жоғалады, иммундық жүйе жаншылады. Дене белсенділігін төмендету, әсіресе, балалар мен 40 жастан асқан адамдар үшін қауіпті. Балаларда гиподинамия организмнің қалыптасуын кешеуілдетеді, олардың жұқпалы ауруларға қарсы тұру күші кемиді, дене сымбаты, көру және есту қабілеті бұзылады. Ал қырықтан асқан кісілер ерте қартайып, бел қуаты кемиді, есте сақтау қабілеті нашарлайды.                                                                                                                                           

Сондықтан дене жаттығуларының артықшылықтарын білген абзал. Айталық ол сымбатты түзейді, жүрек пен өкпе жұмысын жақсартады, дене күші және төзімділігі, буындардың иілгіштігі мен қозғалысты қамтамасыз ету қабілеті артады, бұлшық ет тонусы артады, бұл дегеніңіз дене жаттығуын жасайтын адам денесін тік, дұрыс ұстайды деген сөз, иммундық жүйе нығайып, қан айналымы жақсарады, қандағы холестерин мөлшері азаяды, іш қату, жамбас қуысындағы көтеуге алып келетін қан айналымының бұзылыстары жойылады, жағымды көңіл-күй пайда болады, негізгі алмасу үдерістері жақсарады, демек, қышқылдану үдерістері  күшейіп, жасушааралық кеңістікте қалдықтар аз шөгетін болады. Дене жаттығулары пайдалы болуы үшін денеге түсетін күш адамның жасына, салмағына, бойына лайық болуы, жаттығу кезінде жүрек соғысы минутына 120-130 рет соғуы, шамадан артық шаршамау керек және дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысу шарт.

Түйіндей айтқанда, өмірлік қозғалысыңыздың ұзақ болуын қаласаңыз, тән қозғалысын шектемей, дене қимылын арттыра түсіңіз.

 

А.Қосымбаева,

аудандық ҚДС басқармасының бөлім басшысы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT