Бруцеллез – жануарлар мен адамдардың зооноздық жұқпалы ауруы. Қоздырғышы – бруцелла – сыртқы ортаға төзімді ең ұсақ микроорганизм. Мәселен, бруцеллалар әдеттегі температурада шикі сүтте 10 күннен 18 күнге дейін, мұздатылған етте – 47 күннен аса, жүнде – 4 айға дейін, ағынды суда – 12 күнге дейін, топырақта және қида - 4 айға дейін сақталады. Залалсыздандыру заттарының және жоғары температураның әсерлерінен бруцеллез қоздырғыштары тез өледі.
Бруцеллез жұқпасы көптеген жануарлар түрлерінде кездеседі. Адамдар үшін ұсақ және ірі қара мал, сондай-ақ шошқа қауіпті болып табылады. Олардың ішінде ұсақ мүйізді мал көбінесе адамдарда жұқпа барысы ауыр өтетін эпидемиялық таралудың себебі болып табылады.
Бруцелла ауру адамнан сау адамға берілмейді. Адамдар бруцеллезді ауру малдарға күтім жасағанда, түсікпен жанасқанда, сою, шикізатын өңдеу және шикі күйінде немесе жеткілікті дәрежеде қайнатылмаған өнімдерін тұтынған кезінде жеке алдын алу шараларын сақтамағанда жұқтырады.
Бруцеллез қоздырғышы ағзаға түскеннен кейін адам бірден бруцеллезбен ауырмайды. Жасырын кезеңнің ұзақтығы 1-3 аптаны құрайды, бірақ кейбір жағдайларда ол бірнеше айға дейін созылуы мүмкін. Бруцеллездің ең ауыр түрі қой-ешкі бруцелласын жұқтырғанда байқалады.
Бұл ауру ағзаның кез-келген мүшесіне әсер етуі мүмкін. Ауру әдетте біртіндеп басталып, жалпы әлсіздік, бұлшықет ауыруы, тәбеттің жоғалуы, тершеңдік, жұмысқа қабілеттің төмендеуімен сипатталады. Көп ұзамай бұл белгілер күшейіп, дене қызуы 39-40оС дейін көтеріледі, бас ауруы, буындардың қақсап ауыруы, әлсіздік пайда болады. Жүкті әйелдер түсік тастауы немесе ерте босануы мүмкін.
Адамдарда бұл ауру ұзаққа созылып, асқынып, мүгедектікке әкелуі ықтимал. Бруцеллез емделеді. Дер кезінде диагностикалау және емдеу, әдетте, жедел бруцеллездің созылмалы кезеңге өтуіне жол бермейді.
Әрбір адам бруцеллездің алғашқы белгілері байқлысымен тез арада дәрігерге жүгінуі қажет.
Жеке иеліктегі малдан бруцеллезді жұқтыру мүмкіншілігін ескере отырып, әрбір мал қожайындары бруцеллезді алдын алудың негізгі ережелерін білуі және оларды қатаң орындауы тиіс, атап айтқанда:
- ұсақ және ірі қара малдармен жұмыс істегенде жеке бастың тазалық ережелерін сақтауы;
- малдарға күтім жасау жұмыстарының барлық түрін арнайы киіммен жүргізу;
- арнайы киімді үй киімімен бірге тұрғын үйде және тамақтану бөлмесінде сақтамау;
- арнайы киімді аптасына бір рет (лас жұмыстарды орындағанда жиі) залалсыздандыру және жуу;
- малдарды күтуде лас жұмыстарды орындағаннан кейін қолды сабынмен және залалсыздандыру ерітіндісімен жуу;
- жыл сайын малдарды тексеруден өткізу;
- малдәрігерінің рұқсатынсыз ет, сүт сатуға тиым салу;
- бруцеллез малдарын сою ережелерін сақтау;
- базардан жеке адамдардан мал сатып алғанда малдәрігерінің рұқсат қағазын талап ету;
- жануарларда түсік тастау, өлі төлінің тууы туралы жағдайларын ветеринариялық мамандарға хабарлау;
- ет және сүт өнімдерін қатаң белгіленген орындардан алу (базарлар, дүкендер, үлкен сауда нүктелері) қажет.
Осы жоғарыда көрсетілген ережелерді сақтай отырып, Сіз өзіңізді және жақын туыстарыңызды бруцеллезді жұқтырудан қорғайсыз.