Атырауда дәрігерлер бір отамен екі адамның өмірін сақтап қалды

Атырау облыстық ауруханасының хирург және гинекологтар тобы жүкті әйелдің аналық безіндегі үлкен кистаны алып, сәби өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Облыстық денсаулық сақтау саласы басқармасынан білгеніміздей, 21 жастағы жүкті әйел ішінің төменгі бөлігінде қатты ауырсыну сезініп, ауруханаға жүгінді. Ол бұл жайсыздықты жүктіліктің әсері деп ойлап, арнайы тексерулерден өтпеген және жүктілік бойынша есепке де тұрмаған. Дәрігерлік тексеру кезінде науқастың сол жақ аналық безінде үлкен киста бары анықталды.

Лапароскопиялық ота кезінде дәрігерлер жатырдың жүктілік мерзіміне сәйкес екенін және жүктілікті қамтамасыз ететін сары дененің оң жақ аналық безде орналасқанын анықтады. Аналық бездегі киста үлкен көлемде болып, ұзақ уақыт бойы өсіп келген. Дәрігерлер лапароскопиялық әдіспен кистаны толық алып тастады. Аналық бездің тіндері тігіліп, ота сәтті аяқталды.

Қазіргі таңда науқасқа жүктілікті сақтау үшін арнайы ем жүргізіліп жатыр. Ана мен болашақ нәрестенің денсаулығы тұрақты бақылауда.

Мұндай ота жоғары кәсіби дәрігерлер тобын қажет етеді. Жоғарыда аталғандай үлкен зақымдануды ең аз асқынумен жою хирургиялық топ үшін нағыз жетістік.

Дәрігерлер денсаулыққа ортақ жауапкершілік туралы баса айтып, дәрігерге көрінуді кешіктірмеуді және үнемі скринингтік тексеруден өтуді сұрайды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT